Тұзды шамадан тыс тұтынудың салдары қандай?

Тұзды шамадан тыс тұтынудың салдары қандай?
Фото: pixabay

АҚШ-тағы Тулейн университетінің зерттеушілері тұзды жиі тұтыну өлім қаупін 28 пайызға арттыратынын анықтады, - деп хабарлайды Science Daily.

Ғалымдар 40 пен 69 жас аралығындағы жарты миллион ұлыбританиялыққа сауалнама жүргізген. Олардан тамаққа тұз қосып-қоспайтыны сұралған. Сөйтіп, зерттеушілер тоғыз жыл бойы олардың денсаулығын бақылаған.

Мерзімінен бұрын қайтыс болу қаупі (75 жасқа дейін) тұзды ешқашан қолданбайтындар, сирек қолданатындармен салыстырғанда, тамаққа үнемі тұз қосатындарда 28 пайызға артық екені белгілі болған.

Сонымен қатар, тағамға үнемі тұз қосатындардың өмір сүру ұзақтығы сирек қолданатындарға қарағанда төмен болған. Нәтижеге сәйкес, 50 жасында әйелдер мен ерлердің өмір сүру ұзақтығы сәйкесінше 1,5 және 2,28 жасқа азайған.

Зерттеушілер өлімге әсер ететін факторларды, мысалы, жасы, салмағы, жынысы, темекі шегіп-шекпейтінін және алкогольді тұтыну, денсаулық жағдайын ескерген.

"Натрийді аздап тұтыну немесе оның үстелдегі тағам құрамында болмауы денсаулыққа айтарлықтай пайда әкелуі мүмкін, әсіресе, бұл бүкіл халық арасында таралса", - деп атап өтті зерттеу жетекшісі, профессор Лу Ци.

Ж. Қадыржанова