"Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасының қорытындысы қайта қарала ма?

Алматы әкімдігі өкілі "Алматы жастары" ипотекалық бағдарламасына байланысты түсініспеушілікке пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz. Бұған дейін бағдарламаның келесі кезеңіне өтпеген кейбір қатысушы іріктеу әділетсіз өткеніне шағымданған еді. 

Олар іріктеу адал өткеніне күмән келтіріп, тапсырған кейбір құжаты жеңілдікпен кредит алуға өтінім беру процесінде жоғалғанын айтады. Сонымен қатар, келесі кезеңге 0 балдан қатысқандар конкурстан өтіп кеткені айтылған болатын, ал жоғары балл жинағандар "тысқары" қалып қойған. 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 маусымда аяқталған "Алматы жастары" қалалық жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында өтініштер мен құжаттарды қабылдау қорытындысы бойынша 11 199 өтініш түскен, оның ішінде мына салалар бойынша:

1) білім беру - 3 943;
2) денсаулық сақтау - 3 096;
3) әлеуметтік сала - 1 384;
4) ЖОО мен ҒЗИ - 1 208;
5) құқық қорғау органдары - 792;
6) мәдениет - 453;
7) БАҚ - 187;
8) спорт - 136.

9 526 өтінім конкурстан өтпеген, қабылданбаған.

"Өтініштердің қабылданбау себептері:

- 5 043 өтініш мынадай себептер бойынша қабылданбады: Қазақстан Республикасында тұрғын үйдің болуы/болмауы туралы анықтаманың жоқтығы; өтініш берушінің немесе Алматы қаласы немесе Алматы облысы бойынша тұрғын үйдің бар/жоғы туралы анықтамалар; барлық отбасы мүшелерінің анықтамасының болмауы; балалардың туу, неке немесе ажырасу туралы куәліктердің көшірмесі болмауы; еңбек кітапшасының сканері жоқ; жұмыс орнынан анықтама немесе зейнетақы жарналары туралы анықтама болмауы;
- 410 өтініш кейінгі 6 айда зейнетақы жинағы немесе 2-3 ай ғана зейнетақы жинағы немесе бала күтімі бойынша демалыста болмауына байланысты қабылданбады;
- 3 845 өтініш мына себептер бойынша қабылданбады: жұмыс орны бағдарлама талаптарына сәйкес келмейді, басымдыққа жатпайды;
- 65 өтініш қабылданбады, себебі Қазақстан Республикасында меншік құқығында тұрғын үйі бар;
соңғы 5 жылда тұрғын үйді иеліктен шығаруға байланысты 123 өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды;
- 38 өтініш келесі себептер бойынша қабылданбады: қоса берілген файлдар мен құжаттарды ашу мүмкін болмады немесе сканерленген файлдар бүлінген болып шықты", - деді мемлекеттік мекеме өкілдері.

Сондай-ақ, әкімдік өтініштер қалай қаралады деген сауалға жауап берді.

"Басқарма құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін барлық берілген өтініш пен құжатты жүктеу жұмыстарын жүзеге асырады, содан кейін барлық құжаттың бағдарлама талаптарына сәйкестігі қолмен тексеріледі. Тізімге енгізу кезегі жинаған балл санымен, яғни санат бойынша ең көп балл санымен анықталады. 

Сайтта орналастырылған, бірақ қабылданбаған өтініштер тізімі дұрыс әрі өзекті. Орналастыру кезінде тізім басқа сфераларға қосылып кеткен, бірақ бұл нәтижеге әсер етпейді. Бағдарламаға қатысуға өтінімдерді қатысушылар сайтта ЭЦҚ арқылы берді, барлық құжат жүктелді, осылайша, басқарма қызметкерлерінің құжаттарды жою мүмкіндігі болмады", - деді Алматы әкімдігі өкілі.

Әкімдік мәліметінше, қатысушыларды іріктеу бағдарлама талаптарына сәйкес жүзеге асырылған. Негізгі талап - көрсетілген сала бойынша кейінгі 6 айда зейнетақы аударымдары бар ресми өтілінің болуы.

Сондай-ақ, әкімдік өкілдері "Алматы жастарына арналған тұрғын үй бағдарламасының нәтижесі қайта қарала ма" - деген сұраққа жауап берді.

"Қаралған өтініштердің нәтижесі негізделгендіктен, өтініштер қайта қаралмайды", - деп қорытындылады мемлекеттік орган қызметкері.

Еске салайық, 2022 жылы "Алматы жастары" бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдау 18 мамырда басталып, 1 маусымға дейін жалғасты. Алматы әкімдігі мен "Отбасы банкі" бірлескен жобасына 35 жасқа дейінгі алматылықтар қатыса алады.

Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 18 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат "Алматы жастары" бағдарламасына қатысатын 1000 адамға бөлінеді.