Елден қуылған өзбекстандық аты-жөнін өзгертіп, Қазақстанға қайтып келген

Сот үкімімен елден қуылған Өзбекстан азаматы аты-жөнін өзгертіп, Қазақстанға қайтып келген, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Тексеріс барысында Қарағандыдағы көпқабатты үйдің бірінде тұрған 27 жастағы ер адам күдік туғызған. Құжаттарын тексеру барысында оның Өзбекстан Республикасының азаматы екені анықталған. Алайда оның ұсынған төлқұжаты күмәнді көрінген.

Кейін ер адамның төлқұжаты жалған екені анықталған. Ол 2019 жылы Қарағандыға келіп, көші-қон заңнамасын бұзған. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында жүріп-тұру мерзімін бұзған. Оған Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен елге бірнеше жылға кіруге тыйым салынған. 

Ол Өзбекстанда болған кезінде өзінің жеке мәліметтерін толық өзгерткен, яғни тегін, атын, әкесінің атын өзгертіп алған. Жаңа төлқұжат жасатып, Қазақстанға қайта оралған. Өзбекстандықтың мұндай қитұрқы әрекеті әшкере болды.