"Алтын Орда" базарындағы төбелестен кейінгі өлім: күдікті ұсталды

"Алтын Ордада" адам өліміне әкелген төбелестен кейін 28 жастағы ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысының полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, "Алтын Орда" базарындағы төбелес кезінде зардап шеккен 23 жастағы жігіт қайтыс болды. Ол соңғы бірнеше күн Алматы ауруханаларының бірінде комада жатты.

Әлеуметтік желіде маусым ортасында екі жігіттің төбелескен видеосы жарияланды. Кадрларда жігіттердің бірі екіншісінің киімінен ұстап, тонаушыдан ұялы телефонын қайтарып алмақ болған сәті түсірілген. Нәтижесінде күдікті қарсыласын екі рет ұрып, оқиға орнынан қашып кетеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас 20 маусымда Алматының көпсалалы клиникалық ауруханасына түсіп, 8 шілдеде таңертең қайтыс болды.

"Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері Жамбыл облысының тумасы, 28 жастағы күдіктіні анықтады. Қазір күдікті Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында жатыр. Оған қатысты ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі 1-тармақшасы "Абайсызда жәбірленушінің өліміне алып келген денсаулыққа ауыр зиян келтіре отырып жасалған қарақшылық" бойынша қылмыстық тергеу жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Алматы облысы ПД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Елдар Әбдікенов.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, Алматы облысының жедел қызметкерлері күдіктіні  көрші облыста жасырынып жүрген жерінен ұстап алған. Қазір тергеуге қажетті барлық әрекет жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша қысқа мерзімде процестік шешім қабылданады.