Аймағамбетов Түркістан облысындағы мектеп директорларын сынады

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Instagram-парақшасында Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде мектептерді аралағанын, кейбір мектеп басшыларының жұмысын төмен деңгейде деп бағалауға болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Министрдің айтуынша, Түркістан облысындағы екі мектеп басшысының жұмысына қатысты сұрақтар туындаған.

"Таңертеңнен бері Түркістан облысындағы алты ауылға барып, жеті мектептің жұмысымен таныстым. Соның ішіндегі екі мектеп басшысының жұмысына төмен баға беруге болады. Өз құзыреттеріндегі міндеттерін орындауына және қажет жұмысты ұйымдастыруларына қатысты сұрақтар бар", - деді министр.

Асхат Аймағамбетов кейбір аудандарда ұзақ уақыттан бері аттестация өткізілмегенін айтты.

"Сондай-ақ мектептердің біріндегі кітапханашыға "Оқуға құштар мектеп" жобасы бойынша атқарып жатқан жұмысы үшін алғысымды айттым. Тағы екі мектепте осы жоба бойынша жұмыс тиісті деңгейде орындалып отырған жоқ.

Мектеп басшыларының аттестация мерзімі өтіп кетсе де, кейбір аудандарда 5 жылдан астам уақыт бойы аттестация өткізілмеген", - деді ол.