Мәскеу тумасы, теннистегі табысы. Сіз кімсіз, Елена Рыбакина?

Мәскеу тумасы, теннистегі табысы. Сіз кімсіз, Елена Рыбакина?

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Уимблдон финалына шықты. Қазақстан теннисі тарихында бұрын-соңды ешкім "Үлкен дулыға" турнирінің финалына жетіп көрмеген. Massaget.kz тілшісі Елена Рыбакина туралы қызық деректер жинады. 

Елена Рыбакина 1999 жылы 17 маусымда Ресей астанасы Мәскеуде туған. 5 жасынан бері тенниспен айналысады. 2018 жылы ол Қазақстан азаматтығын алды. Ол кезде Рыбакина WTA рейтингінде топ-200 қатарына енді кірген жас теннисші болатын. Сол кезде Қазақстан оған көп көмектесіп, қолдау білдіргенін айтып жүр. Сондықтан, алдағы уақытта да Қазақстан намысын қорғамақ. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Elena Rybakina ? (@lenarybakina)

Рыбакина кәсіпқой карьерасында екі рет WTA турнирінде топ жарған. 2019 жылы Бухаресте жеңіске жетсе, 2020 жылы Аустралиядағы додада үздік атанған. Одан бөлек, ITF турнирлерінде төрт мәрте жеңімпаз болыпты. 

Қазір Рыбакина WTA рейтингінде 23-орында тұр. Бірақ Уимблдон финалына шықса да, рейтингте жоғарыламайды. Себебі биыл турнирге Ресей мен Беларусь теннисшілері қатыспайды, сондықтан рейтинг ұпайлары берілмейді. Дегенмен турнирде биыл рекорд көлемде сыйақы қарастырылған. Қазақстандық теннисші финалға шыққаны үшін миллион доллар көлемінде сыйақы алады. Жалпы, WTA сайтындағы дерекке сүйенсек, Рыбакина кәсіпқой карьерасында 3,5 миллион доллар тауыпты. 

Теннисші бос уақыты көп емес екенін айтады. Сондықтан ерекше хоббиі жоқ, көбіне музыка тыңдап, кітап оқып, достарымен серуендегенді жақсы көреді екен. Сұхбаттарының бірінде сүйікті фильмі "Титаник" пен "1+1" екенін айтқан. Итальян асханасын, оның шінде паста мен пиццаны жақсы көреді. Ал саяхаттаған кезінде ең сүйікті қаласы Барселона екенін айтыпты.

WTA баспасөз қызметіне берген сұхбатында теннистегі кумирім деп швейцариялық Роджер Федерерді айтқан. 

Рыбакина Instagram желісінде белсенді. Парақшасына 106 мың адам жазылған. Көбіне теннис матчы кезінде түсірілген суреттер жариялайды. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Elena Rybakina ? (@lenarybakina)

Айта кетейік, ертең Рыбакина Уимблдон турнирінің финалында сынға түседі. Қарсыласы тунистік Унс Жабер болады. Бұл ойында кім жеңсе де тарихи жетістік саналады. Себебі Рыбакина Уимблдон финалына шыққан алғашқы қазақстандық болса, Жабер осындай жетістікке жеткен алғашқы араб теннисшісі болып отыр. 

Е. Төлеш