Тоқаев зейнеткерлерге 55 мың теңге төленетіні туралы Жарлыққа қол қойды - фейк

Тоқаев зейнеткерлерге 55 мың теңге төленетіні туралы Жарлыққа қол қойды - фейк
Фото: ©akorda.kz

Желіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнеткерлерге 55 мың теңге төленетініне қатысты Жарлыққа қол қойғаны туралы хабарлама тарап жатыр. Бұл - жалған, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

Төлем туралы мәтінде биыл 1 мамырдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері өскені, нәтижесінде зейнетақы 55 мың теңгеге дейін көтерілетіні жазылған. Басылым мәліметінше, бұл - бұрмаланған ақпарат.

Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш мөлшері биыл 1 сәуірде өсті. Осыған байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 20 191 теңге, ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 48 038 теңге болды. Содан бері бұл көрсеткіштер өзгерген жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың АЕК-ті ұлғайтуға қатысты жаңа Жарлыққа қол қойғаны туралы ақпарат ҚР Президентінің ресми сайтында жоқ. Сондай-ақ, бұл туралы ақпарат ресми БАҚ-та да жарияланбаған. Зейнеткерлерге 55 мың теңге төленетіні туралы жаңалықтар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында да жоқ. Демек, тараған ақпарат - фейк.

Ж. Қадыржанова