"Қаңтар қасіреті". Ақтөбедегі әуежайға шабуыл жасаған үш адам сотталды

Қаңтардағы қақтығыс кезінде Ақтөбе халықаралық әуежайын басып алмақ болған үш ер адамға сот үкімі шықты. Олар үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды "Диапазон" басылымы.

Басылым мәліметінше, 5 қаңтарда үш белсенді Ақтөбе облысы әкімдігінің жанына жиналғандар алдында сөз сөйлеген. Олар өз сөздерінде Қазақстан аумағына билік сырттан әскер әкелмеуі үшін өзге өңір тұрғындары әуежай жұмысын тоқтатқанын айтып, наразыларды Ақтөбе әуежайына баруға шақырған. Содан жиналғандардың бір тобы әуежайды басып алуға аттанған. Үш белсенді әуеайлағының басшылығына ғимаратты бүлдіреміз деп қорқытып, әуежайдың жұмысына кедергі келтірген. Олардың әрекетінің кесірінен Түркия мен Қазақстан қалаларына қатынайтын әуе рейстері үзіліп, әуежайға 1 672 000 теңге көлемінде шығын келтірілген.

Бұл азаматтарға Қылмыстық кодекстің 269-бап 1-бөлімі бойынша ("Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу") айып тағылды. Олар кінәсін мойындап, келтірілген залалдың барлығын өтеп және кінәсін мойындау туралы процессуалдық келісім жасасты.

5 шілдеде Ақтөбенің қылмыстық істер жөніндегі соты оларды 3,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды (жазаның бұл түрінде сотталушы жазасын үйде өтейді, бірақ кейбір шектеулер болады). Сотталғандардың бірі кәсіпкер, оның жеті баласы бар.