Ninety One жанкүйерлері Шымкент әкімінің парақшасына "шабуыл" жасады

Ninety One жанкүйерлері Шымкент әкімінің парақшасына "шабуыл" жасады

Шымкент қаласының әкімдігі Ninety One тобының концертін өткізбей тастады, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

5 шілдеде Шымкентте өтуі керек атышулы Ninety One тобының концертін Шымкент әкімдігі өтікізбей тастаған. Сол себепті топ жанкүйерлері Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің әлеуметтік желідегі парақшасына түрлі пікірлер жазып, "шабуыл" жасаған. 

Ninety One тобы концерттің тоқтатылатыны туралы ақпаратты шарадан бір күн бұрын әлеуметтік желілерінде жариялады.

Әлеуметтік желіден алынған фото

"Ninety One Tour 2022 аясында 5 шілдеде Шымкентте жоспарланған концерт болмайды. Ол кейінге шегерілуі мүмкін. Концерттің болмау себебі - Шымкент қаласы әкімдігінің шараны өткізуге рұқсат бермеуі", - деп жазды Ninety One ресми парақшасында.

Концерттің болмауы Ninety One тобының шымкенттік жанкүйерлерін ашуландырды. Жанкүйерлер Шымкент қаласы әкімдігі мен әкімінің  Instagram-дағы парақшасына шабуыл жасады. Қала әкімшілігі адамның жағымсыз пікірінен кейін жазба астындағы пікірлерді өшірді. Топтың жанкүйерлері тіпті посттардың астына #нетотменыконцерта91 деген
арнайы хэштег ойлап тапқан.

 

Әлеуметтік желіден алынған фото

"Ninety One концертінің өтуін сұраймыз. Осы концертті бір айдан аса күттік, кейбіреулері концертке басқа қалалардан келді", "Концерт өтуі керек", "Ninety One концерті неге тоқтатылды? Түсіндіріңіздер, нақты жауап күтіп отырмыз. Бұл қандай жауапсыздық? Бәріміз билет алып қойғанбыз", - деп жанкүйерлер желіде наразы болды.

Tengrinews.kz тілшісі концерттің өтпеу себебін білу үшін қала әкімдігіне хабарласқанымен, қала басшылығы жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартқан.

Еске салайық, мамыр айының соңында Түркістанда Ninety One тобының алдын ала жоспарланған концерті өтуі керек еді. Алайда жергілікті тұрғындар топтың Түркістанда өнер көрсетуіне қарсы болғандықтан, қала әкімдігі концертті тоқтатты.

Г. Досымшалова