Павлодар тұрғыны өзін тастап кеткен сүйіктісінің ата-анасын пышақтап өлтірді

Павлодар тұрғыны өзін тастап кеткен сүйіктісінің ата-анасын пышақтап өлтірді

Павлодарда 22 жастағы жігіт өзін тастап кеткен қыздың ата-анасын пышақтап өлтірген, - деп хабарлайды PVLNews.

Полиция департаментінің мәліметінше, 3 шілдеде сағат 02.10-да Мир көшесіндегі жеке үйдің ауласынан 46 жастағы әйел мен 48 жастағы ер адамның денесі табылды. Марқұмның бөлмеге тығылған кәмелетке толмаған баласы аман қалған. Күдікті ретінде 22 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды.

Марқұмдардың 16 жастағы қызы Алинаның айтуынша, ата-анасын 3 шілдеге қараған түні жеті айға жуық кездескен бұрынғы жігіті өлтірген.

Сүйіктісі бетін қайтарғаннен кейін 22 жастағы жігіт қыздың анасы мен өгей әкесін пышақтаған. Бойжеткен сол түні Павлодардағы туыстарының үйінде қонғандықтан тірі қалған.

"Бір ай бұрын оның есірткі қолданатынын білдім. Сондықтан онымен  қарым-қатынасымды тоқтаттым. Бірақ ол қарсы болды. Маған бұл шешімім үшін өкінетінімді айтты.  2 шілдеде Павлодарға оқуға түсу үшін кеттім. Туысым түнде қоңырау шалып анам мен өгей әкемді өлтіріп кеткенін айтты", - дейді Алина.

Қыздың сөзінше, туыстары оған оқиғаның мән-жайын айтып берген.

"Сол түні анам, өгей әкем, 13 жастағы бауырым үйде болған. Олар түнгі сағат бірге қарай көшедегі отшашуды естіп, шыққан. Бауырым барғысы келмей үйде қалған. Біраз уақыттан кейін анам үйге жүгіріп келіп, оған жасырын деп айтқан. Бауырымды құтқаруға тырысып, көмек сұрап жүгірген. Ол аллеяға жеткен кезде бұрынғы жігітім оны қуып жеткен. Анам пышақ жарақатынан қайтыс болды. Ол анамды қорғауға тырысқан өгей әкемді де өлтірген", - дейді Алина.

Бойжеткен күдікті ұсталғанымен, жазадан құтылып кете ме деп қорқады.

"Бүгін оның анасы көмек ретінде ақша әкелді. Анасы жылап, ұлының ауыратынын айтты. Бәлкім, бұл есірткінің әсері болуы мүмкін. Бірақ бұл қатыгездікпен кісі өлтіргенін ақтамайды. Анамның бүкіл денесінде пышақ жарақаты бар. Бауырым екеуміз жетім қалдық. Ертең анам мен өгей әкемді өлтірген адам бостандыққа шығып, бізді де аман қалдырмайды ма деп қорқамын", - дейді қыз.

Аталған дерек бойынша ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстың мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеумен Павлодар облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасы айналысады. Іс бойынша процессуалды прокурор тағайындалды.

Г. Досымшалова