Өзбекстандағы тәртіпсіздік неден басталды?

Өзбекстандағы тәртіпсіздік неден басталды?
Фото: © podrobno.uz

Өзбекстанның қолданыстағы конституциясында Қарақалпақстан жалпы референдум бойынша ел құрамынан шығу құқығына ие егемен республика ретінде көрсетілген. Ал кейін референдум арқылы өзгерістер енгізу ұсынылған болатын. Халық бұл жағдайға қарсы болды. Осылайша, Қарақалпақстанда 1 шілдеде митинг басталды. 4 күнде не болды? Massaget.kz тілшісі көрші елдегі ахуалға шолу жасады.

20 маусым: Конституцияға өзгеріс енгізу ұсынылды

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді ұсынды. Бұл туралы Өзбекстан басшысының баспасөз қызметі өкілі хабарлады. Ал конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын парламенттік "Народное слово" газеті жариялаған болатын.

1 шілде - митинг басталған күн

Өзбекстан билігінің тұжырымынша, заңсыз демонстрациялар 1 шілдеде сағат 15.00-де "республикада жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды дұрыс түсіндірмеу нәтижесінде" басталған. Қарақалпақстан тұрғындары қалада шеру ұйымдастырған, осыдан кейін олар орталық дехкан базарының аумағына жиналып, заңсыз демонстрация ұйымдастырған.

"Қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу және азаматтардың түрлі құқықбұзушылықтарды жасауына жол бермеу мақсатында дехкан базарының аумағында құқық қорғау органдарының күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қазір қоғамдық тәртіп қалпына келтірілді, азаматтармен заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру, сондай-ақ, азаматтардың өтініштерін белгіленген тәртіппен қарау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деген еді Өзбекстан ІІМ баспасөз қызметі өкілі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от TengriNews (@tengrinewskz)

2 шілде: өткізу пункті уақытша тоқтатылды

Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы өткізу пунктінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі өкілі айтты.

Сурет: atpress.kz

"2022 жылғы 1 шілдеден бастап өзбек әріптестерден түскен ақпаратқа сәйкес, ақпараттық жүйенің істен шығуына байланысты Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы "Даут-ата" - "Тәжен" өткізу пунктінде (автомобиль) адамдарды, көлік құралдары мен жүктерді өткізу уақытша тоқтатылды. Осы ақпарат бойынша "Қарақалпақстан" - "Бейнеу" бағыты бойынша теміржол қатынасын тоқтату жоспарланып отыр", - деді ҰҚК өкілдері.

Ведомство өкілі шекарадан өтуді жоспарлап отырған адамдарға өз бағытын алдын ала жоспарлауға кеңес берді.

2 шілде: Жоғарғы Кеңес мәлімдеме жасады

Қарақалпақстанның Жоғарғы кеңесі Нүкістегі оқиға бойынша ресми мәлімдеме жасаған еді.

"Өзбекстан Республикасы жүргізіп отырған ашықтық және еркін ерік білдіру саясатына қарамастан, 2022 жылғы 1 шілдеде Нүкіс қаласында қылмыстық топ Қарақалпақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарын басып алуға әрекет жасау түріндегі заңсыз әрекеттер ұйымдастырды.

Популистік ұрандарды жамыла отырып, азаматтардың санасы мен сеніміне айла-шарғы жасап, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, азаматтарды республиканың әкімшілік ғимараттары кешенінің алдындағы алаңға жинады.

Арандатушылар жиналған адамдарға сүйеніп, осы мемлекеттік мекемелерді басып алуға және қоғамға іріткі салуға, Өзбекстандағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет жасады", - делінген хабарламада.

Парламент өкілдері заңсыз әрекеттердің жолы кесіліп, жаппай тәртіпсіздік тоқтатылғанын атап өтті.

© podrobno.uz

2 шілде: Елде ТЖ жарияланды

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстан аумағында төтенше жағдай енгізді. Бұл туралы 2 шілдеде кешке мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов мәлімдеген еді. ТЖ режимі 2022 жылғы 3 шілдеде сағат 00.01-ден 2 тамыз сағат 00.00-ге дейін енгізіледі.

Бұл "азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру мақсатында" жасалған.

ТЖ кезінде республикада 21.00-ден 07.00-ге дейін коменданттық сағат енгізіледі. Комендатураның басшысы болып Өзбекстан Ұлттық ұланының қолбасшысы Рустам Джураев тағайындалды. Қарақалпақстанға кіруге және одан шығуға шектеу қойылды, бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды. Бұл туралы Өзбекстан Ұлттық гвардиясының Telegram-арнасында хабарланды.

3 шілде: Нүкістегі жағдай қандай?

Президенттің баспасөз хатшысы Нүкістегі жағдай тұрақталғанын айтты. Сондай-ақ, Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстан Республикасының Нүкіс қаласында екені хабарланды.

Өзбекстан басшысы Қарақалпақстанның барлық ауданы қосылған бейнеселекторлық кеңес өткізген. Аумақ коменданты қазіргі ахуал туралы есеп беріп, жағдай толық бақылауға алынғанын атап өтті. 

Ал бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Нүкісте өткен кеңесте Қарақалпақстан тұрғындарының наразылығын туғызған түзетулер ел конституциясының 70, 71, 72, 74 және 75-баптарының қолданыстағы редакциясы өзгеріссіз сақталуы керек деп мәлімдеген еді. 

3 шілде: Қазақстан қандай мәлімдеме жасады?

Кеше Қазақстан Өзбекстандағы кейінгі оқиғаларға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасады. 

"Өзбекстан - Қазақстан үшін бауырлас мемлекет, сенімді одақтас және стратегиялық серіктес. Сондықтан Қазақстанда кейінгі күндері Өзбекстан Республикасында болған оқиғаларды алаңдаушылықпен қабылдады. Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстан Республикасындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шешімдерін құптаймыз әрі қолдаймыз.

Бауырлас Өзбекстанда аса маңызды саяси оқиға - Конституцияға түзетулер жөніндегі референдум қарсаңында - бейбітшілік пен тыныштық орнығатынына сенімдіміз.

Қазақстан Өзбекстанмен 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы шарт, 2013 жылғы 14 маусымдағы стратегиялық әріптестік туралы шарт және 2021 жылғы 6 желтоқсандағы одақтастық қатынастар туралы декларация рухындағы көпсалалы ынтымақтастықты дамыту мен нығайту бағытына бекем", - делінген мәлімдемеде.

3 шілде: Зардап шеккендер бар ма?

Президент Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстан Республикасының депутаттарымен, ардагерлері және белсенділерімен кездесу өткізді. 

"Бұл күндері біздің елімізде маңызды саяси процесс - Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қоғамдық талқылау жүріп жатқаны белгілі", - деді Мирзиеев.

Сондай-ақ, ол конституциялық реформалар елдің одан әрі әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандығын нығайтуға, "адами қадір-қасиеті үшін" игі идеяларды іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталғанын айтты.

"Демократиялық қағидаттар мен құқықтық нормалар негізінде азаматтардың өз пікірі мен ерік-жігерін еркін білдіруі үшін жасалған жағдайға қарамастан, кейбір күштер Конституциялық реформаларға наразылық білдіру сылтауымен агрессия мен зорлық-зомбылық жолын таңдап, Өзбекстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты.

Жалған ақпарат таратудың пысықталған технологияларын және әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, деструктив күштер нақты мақсатты көздеді және азаматтарды Конституцияны бұзатын қызметке тартты.

Олардың басты мақсаты - қоғамды тұрақсыздандыру, мемлекетіміз жүргізіп отырған жасампаз саясатқа деген сенімге нұқсан келтіру, Өзбекстанның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіру", - деді президент.

Одан бөлек, Мирзиеев 1 шілдеде елде болған тәртіпсіздіктердің мән-жайын айтты.

"2022 жылдың 1 шілдесінде Нүкіс қаласында бір топ адам жалған ұрандармен азаматтардың сеніміне ие болып, оларды адастырды, биліктің заңды талаптарына бағынбады, хаос тудырды және жергілікті мемлекеттік органдардың ғимараттарын басып алуға тырысты. Бұл бұған дейін хабарланды. 

2 шілдеде олар қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған акцияларды тоқтату туралы талаптарды елемей, республиканың әкімшілік орталығының орталық көшелерінде деструктив әрекеттерді жалғастырды", - деді ол.

Сонымен қатар, тәртіпсіздіктерге қатысқан кейбір адам тәртіп сақшыларымен қақтығыс тудыруға тырысқанын, күзетілетін аумақтарға күшпен басып кіріп, ғимараттарға тастар мен түрлі заттар лақтырғанын айтты.

"Шеру кезінде олар инфрақұрылым нысандарына айтарлықтай зиян келтірді. Олар дүкен терезелерін шағып, өрт қойды. Бірнеше топ қару алу мақсатында Нүкіс қалалық ішкі істер басқармасы мен Ұлттық ұлан басқармасының ғимараттарын басып алуға тырысты.

Сандық артықшылығын пайдаланып, олар құқық қорғау органдарына шабуыл жасап, оларды аяусыз ұрып, ауыр жарақат салды.

Өкінішке қарай, бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында зардап шеккендер бар", - деді ел президенті.

Маман бұған дейін Өзбекстандағы референдум туралы не деді?

Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) сарапшысы Ерсұлтан Жансейтов Өзбекстанда өтетін референдум мен Қазақстанда өткен референдумның басты айырмашылығы неде екенін айтқан еді.

Саясаттанушы түзетулер бірқатар прогрессив өзгерісті қамтитынын айтқан болатын. Соның ішінде маңызды жайт - конституцияның 74-бабына өзгертулер енгізу, яғни жалпыхалықтық референдум нәтижесі бойынша Қарақалпақстанды Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығынан айыру.

"Осындай шешім қабылдауға түрткі болған Украинадағы жаңадан құрылған "квазимемлекеттік" құрылымдардың прецеденті болғаны анық. Бұл қазіргі кең ауқымды халықаралық қақтығысқа әкелді. Айта кету керек, бұл мәселеде Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекеттер шекарасының мызғымастығы мен егемендігі қағидаттарын ұстанады", - дейді маман.
 

Енді конституцияға түзетулер қашан енгізіледі?

Өзбекстан парламенті конституцияға түзетулерді талқылауды 15 шілдеге дейін ұзартты. Бұл туралы Өзбекстан Олий Мажлисінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Заң шығару палатасы "Өзбекстан конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заң жобасын жалпыхалықтық талқылау мерзімін 15 шілдеге дейін (10 күнге - еск.) ұзарту туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.

4 шілде: қаза тапқандар қанша?

KUN.UZ/Handout via REUTERS

Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктер салдарынан 243 адам зардап шекті, оның 38-і - құқық қорғау органының қызметкері. Бұл туралы Өзбекстанның бас прокуратурасы мәлімдеді.  Ресми мәлімет бойынша, алған жарақатынан 18 адам қаза тапқан.

Бас прокуратура мәліметінше, 2 шілдеде сағат 14.45-те Нүкіс қаласына 300-ге жуық адам кіріп, Ұлттық гвардияның 50 қызметкерінің арнайы құралдарын тартып алған. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жалғастырып жатыр.

3 шілдеден бастап Қарақалпақстанда коменданттық сағат енгізілді. Патрульдеу барысында 58 адам ұсталған. Оның ішінде 28 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қалғандарымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.

4 шілде: Тоқаев пен Мирзиёев сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан Президенті Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шешімі уақытылы қабылданғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумды сәтті өткізуіне тілектестік білдіріп, бұл оқиға бауырлас Өзбекстанды жаңғыртуға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін маңызды қадам болатынын атап өтті.

4 шілде: Өзбекстан конституциясында Қарақалпақстан егемендігі сақталады

Өзбекстан парламентінің заң шығару (төменгі) палатасы дүйсенбідегі отырысында ел конституциясындағы Қарақалпақстан Республикасының егемендігі туралы баптар сақталуын жақтап дауыс берген еді.

1 шілдеде Қарақалпақстан астанасы Нүкіс қаласында Өзбекстан конституциясына енгізілетін өзгерістерге байланысты заңсыз шеру өткен. Түзетулер жобасына сәйкес, "Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан Республикасының құрамына кіреді. Қарақалпақстан Республикасы аумағында Өзбекстан Республикасының конституциясы мен заңнамасында көзделген барлық құқық пен еркіндікке кепілдік беріледі". 2 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Нүкіс қаласына сапары барысында елдің қолданыстағы конституциясында Қарақалпақстанның егемендігі туралы, сондай-ақ республиканың Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптарды сақтап қалуды ұсынған.

Онлайн дауыс беру деректеріне сәйкес, Парламент депутаттары Өзбекстан конституциясының 70, 71, 72, 73, 74, 75-баптарын қазіргі редакцияда сақтауға бірауыздан дауыс берді.

4 шілде: Шекарада қалғандар бар

Қазақстандықтар Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы Даут-ата - Тәжен (автомобиль) өткізу пунктінен видео жолдаған. 50-ге жуық адам бірнеше күн бойы шекарада қалып қойған, осылайша, олар елге қайта алмай отыр.

"Ақша бітейін деді, тамақ пен су да таусылып жатыр. Ұйықтайтын жеріміз жоқ. Кімге жүгінерімізді білмейміз. Қазақстан мен Өзбекстанның консулдығына қоңырау шалдық, бірақ ешкім көмектесе алмайды", - дейді адамдар.

Олардың айтуынша, аптаптан балалардың температурасы көтеріліп кеткен. Видео арқылы адамдар Президенттен көмек сұраған болатын.

Ж. Қадыржанова