"Шекарада қалып қойды". Қазақстандықтар Өзбекстаннан қайта алмай отыр

Қазақстандықтар Өзбекстаннан қайта алмай отыр, - деп хабарлайды Lada.kz.

Қазақстандықтар Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы Дәуіт-ата - Тәжен (автомобиль) өткізу пунктінен видео жолдаған. 50-ге жуық адам бірнеше күн бойы шекарада қалып қойған, осылайша, олар елге қайта алмай отыр.

"Ақша бітейін деді, тамақ пен су да таусылып жатыр. Ұйықтайтын жеріміз жоқ. Кімге жүгінерімізді білмейміз. Қазақстан мен Өзбекстанның консулдығына қоңырау шалдық, бірақ ешкім көмектесе алмайды", - дейді адамдар.

Олардың айтуынша, аптаптан балалардың температурасы көтеріліп кеткен. Видео арқылы адамдар Президенттен көмек сұрайды.

Еске салайық, Өзбекстанның қолданыстағы конституциясында Қарақалпақстан халқы жалпы референдум негізінде Өзбекстаннан шығу құқығына ие егемен республика ретінде көрсетілген. Жақында ел конституциясына енгізілген түзетулер жобасына сәйкес бұл ережелерді алып тастау ұсынылатыны белгілі болды.

Өзбекстан ІІМ мәліметінше, заңсыз демонстрациялар 1 шілдеде сағат 15.00-де басталған. Қарақалпақстан тұрғындары қалада шеру ұйымдастырған, содан кейін олар базар аумағына жиналып, заңсыз демонстрация ұйымдастырған.