"Келесі пандемияға ақша керек". Желіде қауесет тарады

Желіде АҚШ президенті Джо Байденнің сұхбатынан үзінді тараған. Онда Джо Байден келесі пандемияны жоспарлау үшін ақша керегін айтқан. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

Қазнетте үзіндісі таралған сұхбаттың толық нұсқасы бар. Ақ үйдің ресми сайтында оның жазбаша нұсқасы жарияланған. Басылым мәліметінше, онда COVID-19 қарсы вакцинаның жалпы халыққа, әсіресе, балаларға қолжетімділігі туралы айтылған.

Ал Джо Байден конгресс жаңа партияны сатып алуға қосымша қаржы бөлгенге дейін балаларға арналған вакциналардың қанша дозасы бар деген сұраққа жауап берген.

"Кем дегенде жыл соңына дейін жетерлік қор бар. Бірақ бізге көп ақша керек. Балаларға вакциналар сатып алу үшін ғана емес, келесі пандемия болып қалуы мүмкін жағдайды жоспарлау үшін ақша қажет. Тағы бір пандемия болады. Алдын ала ойлануымыз керек", - деді ол өз жауабында.

Басылым мәліметінше, оның жауабында пандемияның өзін жоспарлау үшін ақша керек болады деген сөз жоқ. Джо Байденнің келесі пандемия туралы айтқаны оның ой тұжырымы немесе жорамалы емес. Бұл туралы ғалымдар мен зерттеушілер де бірнеше рет айтқан. Олардың болжамы тарихи деректерге негізделген, пандемия жер халқы мен урбанизация қарқыны өскен сайын ұдайы болып тұрды.

Осылайша, Джо Байден ғалымдардың ғылыми болжамдарын қайталап, аурудың келесі ошағына алдын ала дайындалу дұрыс екенін айтты. Бұл тәсіл денсаулық сақтау жүйесіне түсетін шамадан тыс жүктемені болдырмауға және адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Демек, Джо Байденнің сөздері ол серіктестерімен бірге келесі пандемияны жоспарлап, қолдан аса қауіпті патоген жасайды дегенді білдірмейді.