"Жұрт отбасымен келген". Семейде қант үшін ұзын сонар кезек пайда болды

"Жұрт отбасымен келген". Семейде қант үшін ұзын сонар кезек пайда болды
Фото: Ашық дереккөздерден

Семей әкімдігі қаладағы супермаркеттердің бірінде қант алуға жиналған тұрғындар түсірілген видеоға қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Arnapress.kz.

Бұған дейін Семей қаласындағы супермаркетте қант сатып алғысы келгендер үлкен кезекте тұрғаны түсірілген видео тараған. Басылым мәліметінше, бір адамға үш келіден ғана берген. Сондықтан жұрт отбасымен барып, супермаркетте ұзын сонар кезек пайда болған. 

Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта өндірушілердің қантты жөнелтуіндегі проблемаларға байланысты өңірде бұл өнім тапшы болып отыр.

"Зауыттардың басшылығымен қантты қаланың көтерме жеткізушілеріне тез арада жөнелту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Қантқа қатысты жағдайды тұрақтандыру үшін мына шаралар қабылданды: 5 шілдеде "Ермекова" ЖК көтерме сауда кәсіпорнына (қант орталығы) бір вагон қант жеткізіледі, сол жақтан қаланың сауда кәсіпорындарына жеткізіледі. 20 шілдеге дейін тағы үш вагон қант келеді деп күтіліп отыр.

Семей қаласын қантпен қамтамасыз ету үшін облыстық тұрақтандыру қорынан қантты қосымша жеткізуге өтініш жасалды", - деді қала әкімдігінің қызметкерлері.

Е. Төлеш