"Пыш-пыштаған әңгімелерін еститін едім". Жұлдыз Абдукаримова киноға қалай түскенін еске алды

"Пыш-пыштаған әңгімелерін еститін едім". Жұлдыз Абдукаримова киноға қалай түскенін еске алды
Фото: zhuldyzabdukarimovaofficial

Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Абдукаримова киноның түсірілімі жайында, көпшіліктің көзқарасы, оны қалай жеңгені туралы әңгімеледі. Ол бұл туралы Instagram-парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Актрисаның айтуынша, атасы 10 жылдан кейін шығуға рұқсат беремін депті.

"Өткендегі әңгімемізге қайта оралайық. 10 жылдан кейін "менің екінші өмірім" басталды десем де болады. Анамның (енем) идеясымен халықтың алдына жай шықпай, фильммен презентация жасауды шештік. Оның үстіне атамның "10 жылдан кейін шығуыңа рұқсат беремін" деген сөзі бар еді. Сонымен 10 жыл да өтіп, менің ел алдына шығар сәтім туды", - деді ол.

Сондай-ақ, Жұлдыз Абдукаримова түсірілім алаңында қалай қабылдағанын әңгімеледі.

"Жоқ, мені қуана-қуана қабылдамады. Бетіме күліп қарағанымен, сыртымнан пыш-пыштаған әңгімелерін еститін едім. Бірде текстіме дайындалып отырсам, менің барымды байқамаса керек, "Әрине, мен де әншінің әйелі болсам, актриса болмасам да басты рөлде ойнайтын едім. Вот и с жиру бесится" деген", - деп жазды ол.

Ол "рольді ойнап шыға алмасам, басқа біреуге беремін" деген ойы болғанын да жасырмады.

"Ешкімге ештеңе демедім. Тек өзіңе "Барыңды салып ойнап шығасың. Сөзбен емес іспен дәлелдейсің. Егер ісіңмен дәлелдей алмасаң, қанша жерден әншінің әйелі болсаң да, бұл рольді расымен, алып шығатын актрисаға бересің" деген едім", - деп еске алды Жұлдыз.

Әншінің жары 10 жыл ішінде сабырлы болуды үйренгенін жазды.

"Сонымен, киноға оралайық. Мұның бәрін "Қараңдар, мен осындай кереметпін" деу үшін айтып отырғаным жоқ. 10 жыл маған сөйлемей-ақ үндеуді, сабырлы болуды үйретті. Мен баяғы 16 жастағы Жұлдыз емес едім. Нені қалайтынымды және қалай жететінімді білдім. Мақсатқа жету үшін - сөз кедергі жасаса, іс көмектесетінін түсіндім", - деді актриса.

Ж. Қадыржанова