Тоқаев Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады

Тоқаев Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Православ шіркеуінің Қазақстанда бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, дін саласындағы мемлекеттік саясат мәселелеріне тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан митрополит аймағының этносаралық және конфессияаралық диалогты дамыту, адамгершілік құндылықтарды ілгерілету жолында ауқымды жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.

Президент қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтетінін айтты. Оның басты тақырыбы - адамзаттың пандемиядан кейінгі кезеңдегі рухани және әлеуметтік дамуында діни көшбасшылардың атқаратын ролі. Қасым-Жомарт Тоқаев патриарх Кириллдің осы форумға қатысуы жаһандық дінаралық және өркениетаралық диалогқа тың серпін беретініне сенім білдірді.  

Өз кезегінде митрополит Александр Мемлекет басшысына кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, Қазақстан халқының игілігі жолындағы жаңғыруға бағытталған жасампаз реформаларды қолдайтынын жеткізді.

Ж. Қадыржанова