"ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы құрылтайшысына іздеу жарияланды

"ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы құрылтайшысына іздеу жарияланды
Фото: t.me/antikornews

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "ӨКМ Операторы" ЖШС басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде қаржы жымқыру дерегі бойынша соталды тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz Сыбайлас жемқорлық агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Антикор мәліметінше, қылмыстық іс аясында 2017-2018 жылдар аралығында Экологиялық кодекстің талаптарын бұзып, 920 миллион теңге мөлшерінде дивиденд түрінде заңсыз төленген утилалым қаражатын иемденген "ӨКМ Операторы" ЖШС бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтарова күдікке ілінген.

"Шынар Мұхтароваға іздеу жарияланды және оған қатысты сот "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Сізде оның орналасқан жері туралы ақпарат болса, агенттіктің көрсетілген телефондарына хабарлауыңызды сұраймыз: call-центр 1424 +7 (7172) 909 260.

Іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жері туралы ақпарат бергені үшін 4 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін сыйақы көзделген. Хабарламаның құпиялығына кепілдік беріледі", - делінген хабарламада.

Ж. Қадыржанова