Қарағанды облысында жантүршігерлік жол апатынан екі адам қаза тауып, жеті бала зардап шекті

Қарағанды облысында жантүршігерлік жол апаты болып, салдарынан жеті бала мен үш ересек адам зардап шекті. Екі көліктің жүргізушілері де қаза тапты. Бұл туралы instagram-да dorogi_karagandy парақшасы жариялады, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

Жол апаты Нұра кентінен 4 шақырым жердегі Жараспай-Нұра тасжолында болған.

Оқиға орнынан түсірілген фотолар мен видеолар әлеуметтік желілерде жарияланды. Автор апат салдарынан жеті бала мен олардың ата-аналары зардап шеккенін атап өткен. Оның сөзінше, кейбірі жансақтау бөлімінде жатыр.

Бұған қатысты Қарағанды облыстық Полиция департаменті пікір білдірді.

Мәлімет бойынша, жол апатына 58 жастағы Honda Odyssey жүргізушісі себеп болған. Ол Жараспай-Нұра тасжолымен келе жатып, рөлді басқара алмай, қарсы бетке шығып, Volkswagen Golf-пен соқтығысқан.

"Жол апатынан оқиға орнында Honda Odyssey жүргізушісі қаза болды. Volkswagen жүргізушісі медициналық мекемеде қайтыс болды. Golf жолаушылары: 33 және 37 жастағы ерлі-зайыпты, сондай-ақ олардың 11, 8, 7, 6, 5, 3, 2 жастағы балалары және 19 жастағы әйелдің ағасы ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлер бұл деректі тіркеп, тиісті сараптамаларды тағайындады.