Жаңа туған нәрестелер интернетте сатылған - Алматы прокуратурасы

Алматы прокуратурасы бала сатылатыны туралы хабарландырулар жарияланған шетелдік сайтты анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қадағалау органының мәліметінше, жаңа туған сәбиінен бас тартқысы келген әйелдер уәкілетті органдар мен соттың тиісті шешімінсіз, заңда белгіленген тәртіпті бұзып, "сатып алуды" ұсынған. Сайтта осылай бала асырап алғысы келетін адамдардың да хабарландырулары бар.

"ҚР "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексінің 196-бабына сәйкес тауып алған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы Ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуі тиіс", - делінген хабарламада.

"Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңның 2-бабы 4-тармағына сай қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Сондықтан Алатау ауданының прокуроры сотқа сайтты заңсыз деп тану және оның Қазақстан аумағындағы қызметін тоқтату туралы өтінішпен жүгінген. Сот қадағалау органының өтінішін қанағаттандырған.

"Материалдар ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабында көзделген қылмысты жасау, яғни адам саудасы мәніне тексеріс жүргізу үшін құқық қорғау органдарына жіберілді", - делінген хабарламада.

Осы қылмыстық құқықбұзушылық үшін мүлік тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.