Ерке Есмахан "Қайда?" әнін студент қыздан 250 мың теңгеге сатып алған

Ерке Есмахан "Қайда?" әнін студент қыздан 250 мың теңгеге сатып алған
Фото: видеодан кадр

YouTube желісінде 160 миллион қаралым жинаған "Қайда?" әнін Ерке Есмахан студент қыздан 250 мың теңгеге сатып алған екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы журналист Динара Сәтжанға берген сұқбатында әннің авторы Диана Исмаил айтып берді. 

"Қазақстан дауысы" байқауынан кейін жаңа ән сатып алуға қаражатым болмады. Студияға жарыққа шықпаған бірнеше ескі әнімді апарғанда әнші Ерке Есмахан да сол студияға келіп менің әнімді естіп қалыпты. Кейін маған хабарласты. "Ерке деген әпкең боламын, сен әніңді шығарайын деп жатырсың ба?" деп сұрады, сатып алғысы келетінін айтты", - деді Диана Исмаил. 

Диана Исмаил ол кезде болашаққа құрған жоспары басқа болғанын айтты. Америкаға оқуға кетейін деп әндерін сатып, оқу үшін қаражат жинап жүрген кезі екен. Диана Исмаил бұл кезде 2-курс студенті болыпты. 

Динара Сәтжан Дианадан әннің бағасын кім белгілегенін сұрағанда композитор "нақты білмеймін, ұмытып отырмын. Мен өзім айтқан сияқтымын" деп жауап берді. 

Динара Сәтжан "Қайда?" әнін Ерке Есмаханға қанша теңгеге сатқанын да сұрады. "Өзіңіз қалай ойлайсыз, 2016 жылы 2-курс студенті әнін қаншаға бағалауы мүмкін?" деп сұрады Диана.

Динара Сәтжан 300 мың теңге шамасында деген баға ұсынды. Диананың айтуынша, алғашында 300 мың теңгенің өзі қымбат көрініп, "Қайда?" әнін 250 мың теңгеге сатыпты.

"Маған сол кезде бұл сома үлкен ақша боп көрінді. Ол кезде қатарластарым даяшы боп жұмыс істейді. Мен әлгі жерде 250 мың теңгені алған соң "бұл ақшаға не істеуге болады?" деп көп ойландым. Америкаға барсам ба екен, яхта жалдасам ба екен, ақша жинап көлік алсам ба екен деп ойладым", - деп күлді әннің авторы. 

Ол кезде Диана Исмаил 250 мың теңгеге сатқан әні қазір 160 миллион қаралым жинайтынын сезбеген де шығар. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Ибраева