"Айнұр Тұрсынбаева айтты". Жұлдызай Дүйсенбиева танымал блогер болудың сырын бөлісті

"Айнұр Тұрсынбаева айтты". Жұлдызай Дүйсенбиева танымал блогер болудың сырын бөлісті
Фото: instagram.com/zhuldizay_duisenbieva/

Актриса, кинопродюсер, блогер Жұлдызай Дүйсенбиева әлеуметтік желіде қалай танымал болғаны туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Пандемия кезінде барлық нәрсе тоқтап қалды ғой. Біз өнер адамы ретінде бірнәрсе жасағымыз келді, ішімізден бірдеңе шығарғымыз келді. Оның алдында жанымдағы көмекші қыз-жігіттер айтып жүргенде "әлеуметтік желіде парақшам жоқ" деп, белсенді болмай жүрдім. Жұрттың парақшасын қарасам, таңертең тұрып жуынғанын салады. Мен ондай жасай алмаймын деп ойладым", - деді Жұлдызай Дүйсенбиева "Мамский әңгіме" подкастында Айнұр Ілиясоваға берген сұқбатында. 

Алғашында актрсианың блогер болуына "жасым келді, тәрбием басқа" деген ойлар кедергі болған көрінеді. Ал актрисаның әлеуметтік желіде вайн түсіріп бастауына айтыскер ақын, ментор Айнұр Тұрсынбаева себеп болған екен. 

"Бірде маған Айнұр Тұрсынбаева "вайн түсіріп көр" деді. "Ойбай, оны қалай түсірем?" деп қобалжыдым. Вайн деген бір-ақ минуттық нәрсе, ал менің сахнадағы ойнап жүрген қойылымдарым кемінде 15 минут, оның бастауы бар, кульминациясы бар, оның бәрін мен бір минуттық вайнға сыйғыза алмаймын деп ойладым. Қазір заман талабы сондай деп жігіттермен ақылдасып "жарайды, бір вайн түсіріп көрейік, өтсе - өтті, өтпесе - осымен қоямыз" дедік. 

Сөйтіп, Жұлдызай Дүйсенбиева алғашқы вайнын түсіргенде әлеуметтік желіде 49,1 мың оқырманы болған, ал алғашқы вайннан кейінгі таңда 150 мың оқырман болып, күтпеген рекордқа жетіпті. 

"Маған осы көрсеткіш мотивация, шабыт болып, екіншісін түсірдік. Кейін 30 секундтық әзілдер салатын деңгейге жеттім. Өнер адамдарының ішінде әлеуметтік желіге ең соңғы боп келген мен шығармын. Бірақ өзіме қызық болды", - деді актриса. 

Қазір Жұлдызай Дүйсенбиеваның Instagram парақшасында 647 мың "тірі" оқырман бар. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Д. Ибраева