Қазақстанда тұрақ ережесін бұзғандарға жаңа айыппұл пайда болды

Қазақстанда тұрақ ережесін бұзғандарға жаңа айыппұл пайда болды
Фото: pixabay.com

Өткен аптаның аяғында президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Ол бойынша қуаттау бекетімен жабдықталған тұраққа автомобильді жай қоюға тыйым салынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Kolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңа ережені елемеген жүргізушіні жазаға тарту үшін ҚР Әкімшілік кодексіне өзгеріс енді. Мемлекет басшысы оған да қол қойды. Құжат ресми түрде 19 шілдеде баспасөзде жарияланып, 22 шілдеде ҚР НҚА эталонды бақылау банкінде пайда болды. Түзету 60 күннен кейін күшіне енеді. Яғни жүргізушілер машинасын қуаттау бекеті бар орынға қойғаны үшін қыркүйектің екінші жартысынан бастап айыппұл төлеуі мүмкін.

Айыппұл енгізу үшін мамандар Әкімшілік кодекске жаңа бап немесе тармақ қоспай, 597-баптың 1-тармағын сәл өзгертті. Енді ол былай жазылады:

"Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, көлiк құралын электр қуаттау бекетімен жабдықталған орында тоқтатқаны немесе тұраққа қойғаны үшін 5 АЕК (2024 жылы 18 460 теңге) айыппұл салынады".

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова