"Бағасы - 220 миллион теңге". Әтешова балаларымен қуылған үйге қатысты жаңа ақпарат айтты

Дана Әтешова балаларымен қуылған үйдің бағасы қанша екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, бұл үй Мараттың Арсен есімді досына тиесілі.

"Бұл үйді Мараттың әкесі, балаларымның туған атасы "Әтешова мен үш баланы үйден шығару керек" деген бір ғана шартпен сыйлаған. 200 шаршы метрлік үй. Шамамен 220 миллион теңге тұрады", - деді Дана Әтешова.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы бұрынғы әйелі мен үш баласын үйінен күштеп қуып шыққаны туралы видео тарап кетті. Кадрларда белгісіз ер адам Дана Әтешованы үйінен күштеп алып шығады. Кадр сыртында бұл Марат Әйтенов екені айтылады. Бұл уақытта полиция оқиғаны көшеде бақылап тұрған.

"Ең сорақысы әйелді шашынан сүйреп, күш қолданғанда, бәрін полицейлер камераға түсіріп тұр", - деп жазылған жазбада.

Дана Әтешова бұл жағдайдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзіне және балаларына көмектесуін өтініп, үндеу жасады. Ал Астана полициясы Әйтенов отбасын үйінен қуып шыққан шулы видеодан кейін тергеу жүргізілгенін хабарлады. Кейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы Марат Әйтенов ұсталды. 

Даулы оқиғадан соң сот шешімі шығып, әйелін балаларымен үйінен қуып шыққан Марат Әйтенов 5 тәулікке қамауға алынды.

Сонымен қатар, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жағдайға қатысты пікір білдіріп, балалар қорғауға алынғанын айтты. 

Қамаудан босап шыққан Марат Әйтенов желіде жағдайды түсіндірді.

Кейінгі кезде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегінің қатары көбейіп бара жатыр. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық әкімшілік құқықбұзушылық 90 пайызға көбейіп кеткен. Былтыр Қазақстанда тұрмыстық зорлықтан 69 әйел, 7 бала қайтыс болған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!