"20 жыл бойы жеке меншікте болды". Алматыдағы Тереңқұр неге аянышты күйде?

"20 жыл бойы жеке меншікте болды". Алматыдағы Тереңқұр неге аянышты күйде?
Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

Желі қолданушысының Алматыдағы танымал демалыс орны - Тереңқұрдың жай-күйіне шағымданған видеосы қызу талқыға түсті. Massaget.kz тілшісі мәселе неде екенін, Тереңқұрға кім жауапты екенін анықтауға тырысты.

"Жағдайы адам аяйтындай"

TikTok-та тарап кеткен видеода Тереңқұрдың айналасы қоқысқа толып қалғаны, аумақ әбден тозғаны байқалады.

@dannyydanil Прошу акимат Алматы обратить внимание на состояние пруда на Терренкуре ☝🏽 #алматы ♬ Beethoven Moonlight Sonata-High Sound Quality - Amemiya

"Тереңқұрдағы өзеннің жағдайы адам аяйтындай. Айнала лас, шашылып жатыр. Тереңқұрға бар болғаны - 40 жыл. Алайда айналада сынған ағаштар, талдар, бұталар жатыр. Орындықтардың сырт көрінісіне қарасаң, Хрущев пен Брежнев заманынан келе жатқандай... Алаңқайлардағы ағаш едендер сынып жатқанын, көпірлердің жағдайы адамшошырлық екенін айтпай-ақ қояйын. Баспалдақтар да сынып жатыр. Әр жерде шашылып жатқан қоқыс туралы да жақ ашпаймын. Алматы әкімі Ерболат Досаев Тереңқұрдағы өзеннің жағдайына назар аударса екен", - деді желі қолданушысы.

Әлеуметтік желіде тұрғындар бұрын мұнда тіпті аққулар жүзгенін айтады.

"Қазір Алматының барлық жерінде осындай, ағаштар өсіп кеткен, күтім жоқ", "Ешкім бұған мән бермейтіні қандай өкінішті, Алматының ең әдемі жері болар еді", "Бала кезімізде осында келіп, суға шомылатынбыз, өте әдемі жер еді", "Әдемі жер көп бізде, өкінішке қарай, ешкім бағаламайды. Әр адам өз артын жинап жүрсе бұлай болмас еді", "Мұнда бұрын аққулар жүзетін", "Екі жыл бұрын әдемі еді", - дейді олар.

Дегенмен желі қолданушыларының арасында мұнда маусымнан күзге дейінгі аралықта реконструкция жоспарланғанын, қазіргі жай-күйі демонтаж және дайындық жұмыстарына байланысты екенін айтқандар да табылған.

Тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы Тереңқұр әбден ескіргенін айтты.

"Өзім фотографпын. Сондықтан love story-ді Тереңқұрға түсіруге келетінбіз. Жарты жылдан бері келе алмаймыз. Өйткені бұл жердің ескіргені байқалады", - деді ол.

"Жеке меншікте болды"

Алматы қаласы әкімдігінің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, Медеу ауданындағы Тереңқұр саябағы су айдынының айналасындағы жалпы ауданы 3,4 гектар учаскеcі 20 жылдан аса жеке меншікте болған. Осы аралықта бұл аумаққа ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

2023 жылдан бастап бұл аумақ коммуналдық меншікке қайтарылған. Тереңқұр саябағына Медеу ауданы әкімі аппараты қызмет көрсетеді.

"Аумақты тазарту, жаңарту жұмыстары аудандық әкімдік жауапкершілігінде. Нысан қала балансына қайтарылғаннан кейін реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу жұмыстары басталды", - деп жазылған әкімдіктің Massaget.kz-ке жауабында.

Тереңқұрға қатысты жобалау жұмыстары жеке қаражат есебінен жүзеге асырылатыны белгілі болды, әкімдік мәліметінше, бұл мақсатқа бюджеттен қаражат жұмсалмаған.

"Жоба тұжырымдамасы бойынша Тереңқұр мен Есентай өзенінің бойындағы екі танымал жаяу жүргінші жолы байланысады. Реконструкция аясында кең демалыс аймағы, серуендеуге арналған жол, жаяу жүргіншілер көпірі, амфитеатр, спектакльдер сахнасы пайда болады. Сондай-ақ, тоған мен ротонды абаттандыру, балалар мен спорт алаңдары, орындықтар мен урналар, жарықтандыру тіректерін жасау, автосуару жүйесі қарастырылған", - деп жазылған әкімдіктің Massaget.kz-ке жауабында.

Ведомство өкілдері видеоға жауап ретінде қазір құрылыс жұмыстарының дайындық кезеңі басталғанын, сондықтан су айдынына су берілмейтінін мәлімдеді.

"Әрі қарай абаттандыру жұмыстары басталады. Реконструкция жыл соңына қарай аяқталады", - деп түсіндірді әкімдік өкілдері.

Айта кетейік, Тереңқұр Достық даңғылындағы атақты "Қазақстан" қонақүйінен басталып, қаланың жоғарғы бөлігінде 4,5 шақырымға дейін созылады.

Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, бұл жер 1974 жылы пайда болған. Мұнда серуендеу, жүгіру, велосипед тебу өте ыңғайлы. Тереңқұрдың ең биік нүктесі - теңіз деңгейінен 1058 метр, ал ең төменгі нүктесі - 876 метр.

Еске салайық, бұған дейін тұрғындар Алматыдағы Баум тоғайының жайына да наразылық білдірді. Massaget.kz тілшісі тоғайдан арнайы фоторепортаж жасап, жауапты органдардан ресми жауап алды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова