Марат Әйтенов бұрынғы әйелімен арадағы дауға қатысты алғаш рет пікір білдірді

Шымкенттің экс-әкімнің ағасы Марат Әйтенов бұрынғы әйелімен арадағы дауға қатысты алғаш рет пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, бұған дейін "әйелмен ұрысқанша үнсіз қалған жақсы" деген ұстаныммен өмір сүрген. Әйтенов бұрынғы жұбайы Дана Атешованың тарапынан біржақты, жалған ақпарат тарап кетті деген пікірде.

Әйтенов қоғамды алаңдатқан басты сұраққа, яғни Әтешова мен балалар үйден қуылған күні оқиға орнына неге келгеніне жауап берді.

"Жеке сот орындаушының талабы бойынша сол жерге бардым, жеке сот орындаушының өндірісінде менің балалармен қарым-қатынас тәртібін орындау мәселесі бар. Түсінуімше, оларды (Әтешова мен балаларды - еск.) көшіру туралы сот шешімін орындайтын жеке сот орындаушы балалармен қарым-қатынас жасау тәртібі бойынша тағы бір сот орындаушысын шақырған. Ол бұл оқиғаға менің қатысуымды талап етті. Келуімді ғана талап етпей, балаларға физикалық және психологиялық қауіп төніп тұрғаны жөнінде, балалардың анасы да сот шешімін орындау бойынша заңды қызметке кедергі жасау дерегі бойынша қылмыстық қудалау қаупінде деген ультиматум қойды. Шұғыл түрде келіп, осы мәселелерді шешіңіз (деді - еск.). Мен өз тарапымнан біреуді, әсіресе, баланы, өз баламды немесе басқаның баласын ұрып-соққан жоқпын. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда мұның бәрі анық көрінеді. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлері де болды, олардан кіші қызымның мұрны неге қанағанын сұрайық.

Менің қатем - сол жерде болуым ғана емес, эмоцияға бой алдыруым. Бұл қатем үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу түрінде жаза алдым. Әлі тергеу жүріп жатыр, қылмыстық сипаттағы екінші жаза күтіп тұр. Бір жағынан, эмоцияға берілуімнің арқасында балаларым жедел жәрдем дәрігерлерінің қолында, қауіпсіз жерде болды, ал балаларымның анасына сот орындаушының жұмысына кедергі келтіргені үшін қылмыстық іс қозғалған жоқ", - деді Әйтенов.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы бұрынғы әйелі мен үш баласын үйінен күштеп қуып шыққаны туралы видео тарап кетті. Кадрларда белгісіз ер адам Дана Әтешованы үйінен күштеп алып шығады. Кадр сыртында бұл Марат Әйтенов екені айтылады. Бұл уақытта полиция оқиғаны көшеде бақылап тұрған.

"Ең сорақысы әйелді шашынан сүйреп, күш қолданғанда, бәрін полицейлер камераға түсіріп тұр", - деп жазылған жазбада.

Дана Әтешова бұл жағдайдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзіне және балаларына көмектесуін өтініп, үндеу жасады. Ал Астана полициясы Әйтенов отбасын үйінен қуып шыққан шулы видеодан кейін тергеу жүргізілгенін хабарлады. Кейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы Марат Әйтенов ұсталды. 

Даулы оқиғадан соң сот шешімі шығып, әйелін балаларымен үйінен қуып шыққан Марат Әйтенов 5 тәулікке қамауға алынды.

Сонымен қатар, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жағдайға қатысты пікір білдіріп, балалар қорғауға алынғанын айтты. 

Кейінгі кезде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегінің қатары көбейіп бара жатыр. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық әкімшілік құқықбұзушылық 90 пайызға көбейіп кеткен. Былтыр Қазақстанда тұрмыстық зорлықтан 69 әйел, 7 бала қайтыс болған. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз