"Арамызда болса, 18 жасқа толар еді". Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлына жантебірентер жазба арнады

"Арамызда болса, 18 жасқа толар еді". Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлына жантебірентер жазба арнады
Фото: Әлеуметтік желі

Танымал ақын Серікзат Дүйсенғазы әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм ұлына жантебірентер жазба арнады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақын ұлының сыныстары, достарымен бірге бейіт басына барып, дұға оқыған. 

"Бүгін Әлихан батырым ортамызда болса он сегіз жасқа толар еді. Мектебін бітіріп, оқуға тапсырып мәре-сәре болып жататын едік қой. Амал нешік?
Еске алуға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы N48 мектеп-лицейде бастауыштан 7 сыныпқа дейін бірге оқыған сыныптастары Аймекен мен Сабина, N9 "Зерде" мамандандырылған лицейінде 7 сыныптан 10 сыныптың 3-ші тоқсанына дейін бірге оқыған сыныптастары әрі робот техникасынан топтастары Ерасыл мен Жадыра келіп, достарының басына барып зиярат жасап, құран бағыштап қайттық. Кішкентай күнінен Әлиханның жағдайын сұрап отыратын ардақты Фариза Оңғарсынова апам мен бабамыз Қабанбай батырдың кесенесіне соғып дұға жасадық. Қайтар жолда Қосшы қаласында тұратын сыныптас достарым Нұржан мен Әсел дастархан жайып, Әлиханның рухына құран оқытты. Алла Тағала барлық ізгі амалдарымызды қабылдыққа жазып, Әлихан балапанымның жанын жәннатта қылғай! Өмірден өтсе де достарын ұмытпай келіп жүрген құлыншақтардың тапсырған оқуларына түсіп, елімізге еңбек ететін үлкен мамандық иесі болуын нәсіп еткей! Қашанда қасымнан табылатын Нұржан досыма, көліктерін сайлап, бірге жүрген ауылдас туыс інілерім Бағлан мен Тілеужанға мың алғыс!" - деп жазды ол.

Еске салайық, 2023 жыл басында Серікзат Дүйсенғазының ұлы Көкшетаудағы демалыс орнында қайтыс болды. Кейінірек ақын қайғылы оқиғаның мән-жайын толық айтты. Сондай-ақ, кейінірек Серікзат Дүйсенғазының ұлы мерт болған курортта тағы екі қыз жарақат алғаны белгілі болды.

Ақын Серікзат Дүйсенғазының ұлы мерт болған курортқа қатысты іс қалай жүріп жатыр?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә