"Қол көтеру де, көзге шөп салу да, қаржылық қысым да болды". Дана Әтешовамен ашық сұхбат

Жуырда Шымкенттің экс-әкімінің ағасы Марат Әйтенов бұрынғы әйелі Дана Әтешованы балаларымен бірге үйден күштеп қуып шықты. Massaget.kz тілшісі Дана Әтешовамен сұхбаттасып, мәселеге шолу жасады.

"Қол көтеру де, көзге шөп салу да, қаржылық қысым да болды"

Дана Әтешова мен Марат Әйтенов 2012 жылы танысқан. 2013 жылы отбасын құрып, 2021 жылға дейін 9 жылдай бір шаңырақ астында тұрған. Дана Әтешованың сөзінше, отбасылық мәселе бірден көрінген, қол көтеру де, көзге шөп салу да болған, қаржылық қысым да көрген, бұл мәселе енесі қайтыс болған жылы тіпті ушығып кеткен. Осы тұста Әтешова енесі өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат рас екенін айтты.

"Ол кісі де үй ішінде зорлық-зомбылық көрген. Бүгінде оның ешқандай дәлелі жоқ. Талай мәрте ауруханада жатты. Бірақ ауруханаға түскенде "күйеуім ұрды" деп айтпады. Былайша айтқанда, жасырды. 63 жасында 2017 жылы қайтыс болды", - деді ол.

Осы жағдайлардан кейін Әйтенов пен Әтешова 2021 жылға дейін ерлі-зайыпты ретінде бірге тұрған. Әтешованың сөзінше, бұл аралықта ауық-ауық Әйтенов ұрып-соғатын болған, кезекті жанжалдан соң Әтешова мен Әйтенов ажырасу туралы ортақ шешімге келген, сол кезде Әйтенов әйеліне ажырасу туралы құжатқа қол қойғызып алған. Дегенмен артынша татуласып, Әтешова бұл туралы ұмытып кеткен. Дана Әтешованың айтуынша, Әйтенов өзіне айтпай сыртынан ажырасуға өтініш берген. Әтешова шетелге шығар алдында бұл жағдайды естіген. Кейін Түркияда жүрген кезінде Әйтенов заттарын көшіріп жібергенін білген. Әтешова елге қайтып келгенде Әйтенов "олар бірге тұрған үйден қумауға уәде берген". 

Мүлік дауы неден басталды?

Дана Әтешова Марат Әйтеновпен ажырасқан кезде көлік, алимент, тұратын жер қалдыруды сұраған. Алайда ақыр аяғында құқығын заңды түрде қорғауға мәжбүр болған. Әтешова Әйтеновтен басқа мүлік алмағанын айтты. Ал қазір мүлік дауына қатысты үш мәселе бар.

  • Бірінші мәселе: 4 бөлмелі пәтерге қатысты

Дана Әтешова бизнес санаттағы 4 бөлмелі пәтерге қатысты сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, біріншіден, Әйтенов пәтерді берерде орындай алмайтындай шарттар қойған; екіншіден, Әтешова үйдің заңды құжаттарын көрмеген; үшіншіден, Әтешова Әйтеновке түрлі әрекетінен кейін сенуден қалған.

  • Екінші мәселе: Әтешова балаларымен қуылған коттеджге қатысты

Дана Әтешованың айтуынша, дау болған Астанадағы коттеджді 2017 жылы Марат Әйтеновпен бірге сатып алған. Үйді алған кезінде Әтешова екіқабат болуына және балалармен жүруіне байланысты, құжат жағын Әйтенов реттеген. Нәтижесінде үйді Әйтенов өз әкесінің атына жазған. Ажырасқаннан кейін Әтешова осы үйге көшіп келген. Марат Әйтенов оны бұл үйден қумауға уәде берген. Бір қызығы, үй Әйтеновтің досына рәсімделген.

"Әйтенов оны біз тұрып жатқан кезде досына бір шартпен, яғни бізді көшіріп жіберу деген шартпен сыйлаған. Біз Түркиядан келгенде "тұра беріңдер, үйден енді сендерді шығармаймын" деді. Біз сеніп қалдық. Сөйтсек, 9 айда досының атына рәсімдеу туралы құжаттарды жасаған. Үйді алған досы бізге "шық" дей бастады. "4 бөлмелі пәтерге барасың" деп, ол үшін шарттарға қол қоюымды сұрады. Былайша айтқанда, қысым ғой", - деді ол бұл туралы.

  • Үшінші әрі басты мәселе: ортақ мүлікті бөлісу

Дана Әтешова қазір Марат Әйтеновпен заңды некеде тұрған кездегі ортақ мүлікті бөліскісі келеді.

Балалардың жағдайы қалай?

Әтешова мен Әйтенов былтыр балаларға қатысты медиация жасаған. Марат Әйтенов апта сайын, оған қоса демалыстарда балаларды алып кетуі керек болған.

"Әйтенов екі рет алып кетті де, кейін 9 айдай ұмытып кетті. Тек үйден қуар кезде ғана есіне түсіріп, алып кете бастады. Қазір балалар 10, 8, 6 жаста. Оларға бұл оқиғаны "ол - әкелерің, мәселені өз арамызда шешеміз" деп түсіндіріп жатырмын", - деді Әтешова.

Мәселе ушыққаннан кейін Марат Әйтеновтің балаларға 15 миллион теңгедей қарызы бары да белгілі болды. Дана Әтешова мән-жайын түсіндірді.

"Басында алимент ретінде 200 мың теңге төлеймін деп уәде берген. Бірақ оны төлемеді. Алиментке заңды түрде арыз бердім. Кейін оның жұмысында проблемалар басталды да, жұмыстан шығып кетті. Екі-үш ай көлемінде 200 мың теңгеден төледі. Содан соң 100 мың теңгеге жұмысқа тұрған, соның 50 мың теңгесі алимент болды. Оған қоса 2022 жылы "Самұрық Қазына" АҚ-дан бонус ретінде 30 миллион теңге алған. Оны жасырды. Біз мұны 2023 жылы білдік, кейін осы іс бойынша біз жеңіп шықтық, бірақ ақшаны бермеді", - деді ол.

Үйден күшпен шығарған кадрларда балалар жарақат алғаны көрінеді. Әтешова қазір балаларға психологиялық қолдау көрсетіліп жатқанын, олармен көп уақытты бірге өткізуге тырысып жатқанын айтты.

Ал қазір қоғам тарапынан резонанс туғаннан кейін Жанна Оразбахова, Әлия Омарова, Дамир Ишмаметов сынды танымал адвокаттар тегін жұмыс істеп, Марат Әйтеновке қатысты істе Дана Әтешованың мүддесін қорғап жатыр.

Айта кетейік, мақала Дана Әтешованың Massaget.kz-ке сұхбаты негізінде жазылған. Мақалаға редакцияның жеке пікірі, ұстанымы қосылмаған. Бұл мәселеге қатысты редакция Марат Әйтеновтің адвокатына әлеуметтік желі арқылы жазды. Алайда әзірге жауап болмады.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы бұрынғы әйелі мен үш баласын үйінен күштеп қуып шыққаны туралы видео тарап кетті. Кадрларда белгісіз ер адам Дана Әтешованы үйінен күштеп алып шығады. Кадр сыртында бұл Марат Әйтенов екені айтылады. Бұл уақытта полиция оқиғаны көшеде бақылап тұрған.

"Ең сорақысы әйелді шашынан сүйреп, күш қолданғанда, бәрін полицейлер камераға түсіріп тұр", - деп жазылған жазбада.

Дана Әтешова бұл жағдайдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзіне және балаларына көмектесуін өтініп, үндеу жасады. Ал Астана полициясы Әйтенов отбасын үйінен қуып шыққан шулы видеодан кейін тергеу жүргізілгенін хабарлады. Кейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы Марат Әйтенов ұсталды. 

Даулы оқиғадан соң сот шешімі шығып, әйелін балаларымен үйінен қуып шыққан Марат Әйтенов 5 тәулікке қамауға алынды.

Сонымен қатар, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жағдайға қатысты пікір білдіріп, балалар қорғауға алынғанын айтты. 

Кейінгі кезде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегінің қатары көбейіп бара жатыр. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық әкімшілік құқықбұзушылық 90 пайызға көбейіп кеткен. Былтыр Қазақстанда тұрмыстық зорлықтан 69 әйел, 7 бала қайтыс болған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!