Қатерлі ісіктің пайда болу қаупін қалай азайтуға болады?

Қатерлі ісіктің пайда болу қаупін қалай азайтуға болады?
Фото: ru.freepik.com

Өкінішке қарай, қатерлі ісіктің барлық түрінен қорғайтын сиқырлы екпе жоқ. Алайда адамның өмір салты қауіпті диагнозға шалдығуға қандай да бір деңгейде әсер етеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Daily Mail"-ге сілтеме жасап.

Онкологиялық аурулар қаупінің түрлі факторлары бар. Мысалы, тұқымқуалаушылыққа сіз ешқандай әсер ете алмайсыз, бұл кезде тек денсаулығыңызды бақылауда ұстап жүру қажет. Ал кей факторларға бірнеше қарапайым әдеттерден арылу арқылы әсер етуге болады.

Қатерлі ісік қаупін азайту үшін не істеу керек?

Іштегі майдан арылыңыз

Онколог Кэрол Сикораның айтуынша, аз ғана артық салмақтың өзі қатерлі ісіктің даму қаупінің факторы бола алады. Бұл проблема жыл сайын өзекті болып келеді, себебі заманауи адамдар аз қозғалады және күнде калорияны көп тұтынады. Онколог Питер Харпер семіздікті қатерлі ісіктің темекіден кейінші екінші факторы деп санауға болатынын айтты. Артық салмақ болмау үшін үйлесімді тамақтану және физикалық жүктемелер жайлы ұмытпау керек.

Жаяу жүріңіз

Спортзалға баруға уақытыңыз немесе күшіңіз болмауы мүмкін. Алайда егер өзіңізді барынша қатерлі ісіктен қорғағыңыз келсе, ең болмағанда жиі жаяу жүруге тырысыңыз. Бұл дене сымбаттылығын сақтауға ғана емес, иммунитетіңізді қатайтуға көмектеседі. Сау ағзада қатерлі жасушаларды лимфоциттер жояды. Сондықтан денеңіздің қорғаныш қасиетінің жоғары болғаны жақсы.

Ұялы телефон қарауды азайтыңыз

Бұл смартфон қатерлі ісікті ынталандырады деген сөз емес. Адам күніне гаджеттермен қанша уақыт отырғанын өзі байқамай қалады. Дәрігерлер аз қозғалысты өмір салты жүрек-қан тамырлар ауруларының, қатерлі ісіктің кей түрлерінің жоғары қаупімен байланыстырады.

Үңгір адамы сияқты тамақтаныңыз

"Адамдар көбіне жасұнығы көп өсімдік тағамдарын жеп, ал етті қолжетімді болған кезде ғана жеген тас ғасырына оралыңыз", - дейді дәрігер Сикора.

Біз қайта өңделген тағамды өте көп, ал тағамдық талшықтарды өте аз жейміз. Ол ұйқы безі қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін. Бұл диагнозбен науқастардың 5%-ы ғана 5 жылдан аса уақыт өмір сүреді. Мамандардың айтуынша, ересек адам күніне жасұнықты 30 грамнан көп жеу керек. Жемістер мен көкөністерді көбірек жеуге тырысыңыз.

Тәтті газдалған сусындардан бас тартыңыз

Газдалған сусындарда қатерлі ісікті ынталандыратын ештеңе жоқ. Алайда онколог Сикораның айтуынша, қанты көп газдалған сусындар семіздікке және екінші типті диабеттің дамуына әкелуі мүмкін. Ал бұл проблемалар онкологиялық ауруға шалдығуға ықпал етуі мүмкін.
 
Күнге күюден бас тартыңыз

Мамандардың айтуынша, соңғы 30 жылда тері қатерлі ісігімен ауыратын жастар саны көбейіп келеді. Күнге күйген тері әдемі көрінеді, бірақ ол бұл аурудың даму қаупін бірнеше есеге арттырады.
 
Темекі және вейп шекпеңіз

Темекінің зияны жайлы бәрі біледі. Ал вейптерді әлі күнге дейін кейбіреулер темекі сияқты зиян емес деп ойлайды. Алайда көпшілік электронды темекіде никотин бар. Ол тәуелділік тудырады және денсаулыққа зиян. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова