Instagram арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырған шымкенттік сотталды

Instagram арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырған шымкенттік сотталды
Фото: ©РИА Новости

Шымкентте "Instagram" әлеуметтік желісі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастыру фактісі анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала тұрғыны "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" Заңның талаптарын бұза отырып, тиісті лицензиясысыз, заңсыз пайда табу мақсатында 2 аккаунттан тікелей эфирде "ЛОТО" ойнатқаны анықталды.

Лотерея ұтысы ретінде "Toyota Land Cruiser Prado" маркалы автокөлігі, Samsung, IPhone, Redmi смартфондары, зергерлік бұйымдар және тұрмыстық техника қойылды.

Аталған заттар тәркіленіп, заттай дәлелдемелер деп танылды.

Сонымен қатар, ол лотерея билеттерін сату бойынша белсенді жарнаманы жүзеге асырған (1 данасын - 5 000 теңгеге, 3 дана - 10 000 теңге, 6 дана - 20 000 теңге, 12 дана - 40 000 теңге, 30 дана - 100 000 теңге).

Сатылған билеттерден түскен қаражатты өзінің карт-шотына және туыстарының шоттарына жинаған. 2023 жылғы 10 қыркүйектен 29 қарашаға дейін сатылған билеттерден түскен қаражаттың жалпы сомасы 96 млн теңгеден асты.

Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі бойынша алынған заттай дәлелдемелер мемлекет кірісіне тәркіленді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина