Түркістан облысында өзендегі сарқырама маңында екі адам суға кетті

Түркістан облысында өзендегі сарқырама маңында екі адам суға кетті
Фото: Midjourney нейрожелісі

Түркістан облысында сарқырамалы өзенге 2 адам батып, қаза тапты. Қайғылы оқиға 29 маусымда орын алған. Куәгерлердің сөзінше олар суда ұйықтың барын байқамаған. Суда ойнап жүрген олар әп-сәтте қауіпті аймаққа түсіп кеткен көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Боралдай өзені маңында 29 маусым күні 2 адам суға кетіп, қаза тапты. Оның бірі 19 жастағы жігіт болса, екіншісі 25-тегі қыз. Олар 5 адам болып, демалысқа барған көрінеді. Оқиға куәгері өзен беті тыныш тұрғанмен, адам түскенде ұйық пайда болып, айналдыра бастайтынын айтады. Себебі өзінің күйеуі дәл сондай жағдайға тап болып, ұршықтай иірген ұйықтан әрең шыққан көрінеді. Айтуынша жастар ойнап жүріп, қауіпті маңға жеткенін байқамай қалған.

"Біз құздан арқан арқылы түскенбіз. Өзіміз қайтып жатқанда, 2 қыз бен 3 жігіт келді. Мұнда қауіпті, өзеннің бұл тұсына жақындамаңдар дегенмін. Мені түсінбеді-ау деймін. Абайлаймыз деп айтқан. Бірақ суға секіріп, қуаласып ойнап жүріп, сонда барып қалды. Айқайлап үлгермедік. Су айналдыра бастады. Біз тек арқан лақтырып 1 баланы құтқарып қалдық. Ал екеуі ұйыққа батып кетті. Бірнеше минуттан кейін ұйық ұлды сыртқа қайта лақтырып жіберді. Бірақ баланың басы көгеріп кеткен. Тірі емесі көрініп тұрды. Ал қыз кейін табылды", – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Любовь Токарик.

Жан түршігерлік оқиға куәгерлері онда сақтық шарасын күшейту керек дейді. Себебі аймақтың әдемі табиғаты үшін онда барушылар саны көп. ал төтеншеліктер бұл өзенде шомылуға тыйым салынған дейді. Сондықтан арнайы белгі қойғандарын айтады.

"Суға түсуге болмайтын тыйым салынған белгі ол жерде орналастырылған. Департамент тарапынан құзырлы органдармен бірлесіп күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Осы сәтті пайдаланып отырып Түркістан облысының қонақтары мен тұрғындарына Байдібек ауданында орналасқан Түркістан-Сырдария қорқында суға түсуге болмайтынын шақырамын. Судағы қауіпсіздікті сақтаңыздар", - дейді Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен.

Айта кетейік, елімізде соңғы 10 жылда 2 мыңнан аса адам суға ағып кеткен. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан