"Жаназаға келіп, ақша ұстатты". Арықтаймын деп ажал құшқан алматылық мұғалімнің ісіне қатысты тың дерек шықты

"Жаназаға келіп, ақша ұстатты". Арықтаймын деп ажал құшқан алматылық мұғалімнің ісіне қатысты тың дерек шықты
Фото: instagram.com/gulmir_ktk/

Алматыда арықтаймын деп ажал құшқан мұғалімнің ісіне қатысты тың дерек шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алдын ала ақпарат бойынша әйелге ота жасаған дәрігер жаназаға келіп, марқұмның күйеуінің қолына хатқалта қыстырған. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Кеше ғана Алматыда арықтап, іш майын алдырамын деп ажал құшқан әйелдің туыстары келді. Марқұм Құралай ешқашан жүрегіне шағымданбаған, жүрегі ешқашан ауырмаған дейді. Ал, клиника өкілдері адам сияқты көңіл айтпақ түгіл, кешірім де сұрамапты. Ота жасаған дәрігер тура жаназа кезінде келіп, Құралайдың күйеуінің қолына хатқалта қыстырған.
Марқұм іш пен бөксе майын сылуға 2 миллион теңге төлеген, ал өзінің кредиті бастан асады екен. Жалпы, айтылмаған нәрсе көп…", - деп жазды ол.

Оған қоса марқұмның сіңілдері журналистке сұхбат беріп, жанайқайын жеткізді. Олар әпкесіне ота жасаған клиника мен дәрігер олардың адам өлімінен кейін де жарнама жасағанына ашулы. 

"Ота сағат 10:00 шамасында аяқталып, сағат 11:30-да ол күйеуіне хабарласқан. Содан кейін әпкеміз мүлде байланысқа шықпады. Түскі 12:00-ден, түнгі 23:00 дейін хабарсыз болып, сағат түнгі 00:00-де әпкеміз туралы суық хабарды жеткізеді. Ол 9-10 сағат бойы қайда болды? Қиналған жоқ па?

Ең қызығы, әпкемнің іш майын алуға ота жасаған клиника адам өлімі болғаннан кейін тағы да жарнама салды. Ота жасаған кісі де жарнама салады. Жарнамаларында "келіңіздер, бізде сокңғы күн. Бұдан кейін бағасы қымбаттайды, ертерек жазылып алыңыздар" деп айтады. Тура әпкеме жасаған блефаропластика, липосакцияны айтты. Мына жақта біз қайғыдан қан жұтып отырсақ, олар жарнама жасап отыр. Адамда ұят деген болу керек қой", - деді марқұмның сіңлісі.

Еске салайық, бұған дейін арықтаймын деп ота жасатқан алматылық мұғалім ажал құшқаны хабарланды. Кейінірек бұған қатысты Алматы полициясы түсінік берді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Ақ шалбарды қандай киімдермен үйлестіріп киюге болады?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Б. Жұмаділлә