"Құлдықта ұстаған - лауазымды офицер". Түркістан облысында ана мен бала құтқарылды

Түркістан облысында 13 жыл құлдықта болған ана мен бала құтқарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, олар қара жұмысқа жегілген. Құтқарылғандар енді дағдарыс орталығын паналап отыр. Себебі Любовь Болдырева мен оның ұлы Никита Шардарадағы мал қора мен саунада еркінен тыс жұмыс істеген.

"Оларды құлдықта ұстаған Шардара аудандық Ішкі істер бөлімінде лауазымды қызмет атқарған офицер болып шықты. Анасы мен баласын полицейлер мамырдың аяғында жезөкшелер жұмыс істейтін саунадан тапқан. Күдіктілер тергеуге алынған. Дегенмен Любовь пен оның ұлын қарулы жасақ күзетеді", - деп жазылған басылым мәліметінде.

13 жыл құлдықта болған Любовь Болдырева туған ағасымен бірге 2011 жылы Шардарадағы саунаға жұмыс істеуге барып, қайта шыға алмай қалған. Саунаның лас шаруасынан бөлек, қожайындардың мал қорасынан шықпадық деген әйел қара жұмысқа жегілген. "Осы жылдар ішінде көрмегеніміз қалмады" деген ол бірнеше мәрте қашып көргенін айтады.

"Бұрын тұрған үйімізді өз атына аударып, кейін сатып жіберді. Туған ағам, екінші күйеуім мен ұлым төртеуіміз күндіз-түні қожайынның әулетінің құлы болдық. Жұмыс істейсіңдер деп алдап шақырғанымен 13 жылда соқыр тиын да ұстатқан жоқ. Бірнеше мәрте қашып көрдім. Бірақ қайдан болсын тауып, ұрып қайтадан жұмысқа жегетін. Ағам бір мәрте полицияға да барған еді. Бірақ Шардарада біздің қожайынға қарсы келер жан жоқ", - дейді ол.

Басылым мәліметінше, "әйелдің қожайын деп отырғаны - Шардараның ішкі істер бөлімінде лауазымды қызметтер атқарған офицер". Ал 3 жасында құлдыққа түскен Никита да түнде құм тасып, күндіз мал қора тазалаған. Мектеп партасына отырып көрмеген 16 жастағы жасөспірім қорада жүрсе де әріп танып, 100-ге дейін санай алады.

"Дұрыс істемесең ұратын еді. Қашатын жер жоқ еді ғой", - дейді Никита Болдырев.

Қазір күдікті мен оның үш серігіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

"Жедел уәкілдер притон ұйымдастырған күдіктінің үйін тінту кезінде әйел құлдықта болғанын айтты. Қазір қылмыстық іс бойынша әйелдің уәждерін полиция тексеріп жатыр. Ол дағдарыс орталығына орналастырылды. Сонымен қатар, күдікті деп танылған ер адамға қатысты жер қойнауын заңсыз өндіру бойынша тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауда", - деді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлнар Абдужаппарова.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!