Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар ұсталды

Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған деструктивті топ ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.

"Қырғыз Республикасы МҰҚК деструктив топтың заңға қайшы әрекетінің жолын кесті. Топтың билікті күштеп басып алу үшін азаматтардың өлімімен ұштасатын жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру арқылы мемлекеттегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру жоспары болған", - деп жазылған комитеттің Instagram-дағы парақшасында.

Жедел іздестіру іс-шарасы барысында деструктивті топтың 4 мүшесі ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

"Қылмыстық топ криминалдық идеологияны ұстанып, радикалды діни идеологияны насихаттаған. Ұсталғандардың тұрғылықты жері мен көліктеріне тінту жүргізілді. Нәтижесінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларға арналған бөлшектер, атыс қаруы, оқ-дәрі, рация, сауыт-саймандар, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арнайы киімі, дрондар, экстремистік мазмұндағы әдебиет және басқа да тыйым салынған заттар тәркіленді", - деп жазылған хабарламада. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз