Шанхай ынтымақтастық ұйымының беделі артты - саясаттанушы

Астанада өтіп жатқан саммитте ШЫҰ-ның беделінің артқанын көруге болады. Бұл туралы саясаттанушы Риззат Тасым айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сарапшының пікірінше, ұйымның халықаралық аренадағы беделі нығайған.

"Бүгінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердың саны артып жатыр. Негізі мұның символдық мәні бар. Себебі, бұған дейін Иран да қазақ жерінде ұйымның мүшелігіне өткен еді. Енді бүгін ұйымның құрамы Беларусьпен кеңейіп отыр. Жалпы Шанхай ынтықмақтастық ұйымының хартиясында көрсетілген бағыт-бағдарға үлес қосқысы келсе, (әрбір елге есік) ашық", - деді Риззат Тасым.

Оның айтуынша, бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы әлемдік деңгейдегі мәселелерді қарастыра бастаған.

"Бұл ұйымның беделінің артқанын көрсетеді. Ұйым аясында қабылданған шешімдердің болашақта жаһандық күн тәртібіне әсер ету ықтималдылығы өте жоғары. Әсіресе, бұл ұйымда орта держава мәртебесіндегі мемлекеттер де бар. Оның бірі – Қазақстан. Мысалы, ШЫҰ-ның 2035 жылға арналған жаңа бағдарламасы қабылданады. Онда тек әскери салада емес, экологиялық, экономикалық, энергетикалық бағыт-бағдарлар бар. Осы салаларға баса назар аударылады", - деді саясаттанушы.

Риззат Тасым Беларусьтің ШЫҰ-ға толыққанды мүше болуына қатысты пікір білдірді.

"Беларусь Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғаннан бері аса белсенділік танытып, соңғы 3 жылдың ішінде өзіне жүктелген барлық міндеттемені орындады. (Беларусь) ішкі заңнамасын ШЫҰ
міндеттемелеріне сәйкестендірді. Егер (басқа елдер) осылай белсенділік танытса, (ұйымға кіруге) ешқандай кедергі жоқ", - деді сарапшы.

Саясаттанушы ШЫҰ-ның құрамы тағы кеңеюі мүмкін деген пікірде.

"Бүгінде Беларусьтен басқа ұйымға толыққанды мүше болуға 5 мемлекет ниет танытып отыр. Оның ішінде Лоас, Бангладеш, Қатар бар. Барлығы осы мемлекеттердің шынайы ниетіне байланысты. Мұнда маңыздысы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мақсаты мен міндетін және мойнына жүктелген бастамаларды іске асыру. Басқа ешқандай кедергі жоқ", - деді Риззат Тасым.

Бұған дейін Астанада ШЫҰ саммиті өтіп жатқаны хабарланған еді

Сондай-ақ, Беларусьтің ұйымға қосылғаны белгілі болды.

Сонымен қатар, саммитте 25 маңызды құжатқа қол қойылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!