"Жапондар шөбереге бизнес тастап кет дейді". Кәсіпкер балаға ақшаны дұрыс жұмсауды үйрету керегін айтты

Танымал кәсіпкер Сырымбек Тау "Ұрпақ" подкастында , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кәсіпкер өмірде кейде шыдамдылық керегін түсіндірді.

"Мынадай нәрсе бар. Шыдау керек. Иілетін жерде иілу керек. Үндемеген үйдей бәледен құтылады. Уақыт өтеді. Бәрін уақыт көрсетеді. Мен сол нәрсені Жапониямен сәйкестендіріп берейін. 1945 жылғы "google"-ден Токио қаласының суретін ашып көріңіздер. Қала орталығында бір-ақ құрылыс қалған. Атом тастады, Жапония қирады. Бірақ Жапония өшіп кеткен жоқ. Үндемеді. Әлсіз екенін мойындады. 19 жылдан кейін 1964 жылы әлемдік олимпиаданы Токиода өткізді. Арасы - 19 жыл-ақ",  - дейді ол.

Сондай-ақ ол барынша эмоцияға берілмеуге шақырды.

"Енді, қараңыз, кайын жұртынан біреу келді, араласты. Шыдап көрсін. Уақыт өтеді, ақылсыз адамға ақыл қонады. Ақылды адамға сабырлық келеді. Эмоция, мінез деген жаман. Эмоция болады, шығады. Бірақ эмоцияға қатты берілмеу керек. Тек үйде емес, басқа нәрселерде де эмоцияға берілмеу керек. Мысалы, бізде көпшілік адам эмоцияға беріліп, қажет емес несиелер алып тастайды. Ер адамға қарағанда әйелдің эмоциясы көбірек болады. Сол үшін түсіністікпен қарау үшін уақытша сен жеңілуге тура келетін кездер болады", - дейді кәсіпкер.

Сырымбек Таудың айтуынша, балаға жан-жақты тәрбие беру және бала кезден ақшаны дұрыс жұмсауды үйрету маңызды.

"Адамда "мен не беріп кетемін" деген сұрақ болуы керек. Алда не болатынын ешкім білмейді. Біздің балаға берген тәрбиеміз оған тәрбие болмайтын шығар. Бірақ ертең менің істеп кеткен нәрсемді жалғастыратын солар. Жапондарда мынадай жақсы сөз бар: шөбереге бизнес тастап кет. Балаңа, немереге демейді, шөбереге дейді. Сол кезде тұрақты бизнес болады дейді. Жапонияның әр компаниясын ашатын болсаңыз, шөпшек істеп жатыр. Ол оны қалай істеп жатыр? Бала кезінен ақшаны дұрыс жұмсап үйренгендіктен. Әйтпесе, бала бірден жақсы дүниеге түсе салса, оны бір күнде шаша салуы мүмкін немесе ешкімге ештеңе бермейтін, тіпті өзінің баласына да бермейтін бай болып кетуі мүмкін. Сондықтан балаға әр жағынан мүмкіндігінше дұрыс жол көрсету керек",  - дейді кәсіпкер.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!