Үндістан және Қытаймен бірлесіп, IT cаласын дамыту маңызды - сарапшы

Қазақстан үшін ШЫҰ-ға мүше елдер Үндістан және Қытаймен бірлесіп, IT cаласын дамыту маңызды. Бұл туралы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, қытайтанушы Олжас Бейсенбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сарапшы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер ақпараттық қауіпсіздік саласында байланысты күшейту үшін өзара уағдаластық орнатуы керектігін жеткізді.

"Бүгінде кейбір сараптамаларда цифрлық егемендік туралы айтылып жүр. Өткен жылы киберқылмыстың салдарынан әлем елдеріне 3,5 миллиард долларға жуық шығын келген. Сондықтан біз кибер кеңістігіміз бен тұтынушыларымыздың құқығын қорғау туралы ойлануымыз қажет. Осыған байланысты ШЫҰ-ға мүше елдер үшін киберқауіпсіздік мәселесінде ынтымақтастықты күшейту маңызды", - деді Олжас Бейсенбаев.

Сондай-ақ ол Үндістан және Қытаймен бірлесіп, білім және ғылым саласында байланысты нығайтуы керек деген ұстанымда.

"Елімізде бірнеше қытайлық университеттің филиалдары ашылып, жатыр, мамандарды ғылыми тағылымдамаға жіберудеміз. Спутник және робот технологиясы, суперкомпьютерлерді қолдану бағыттарында Қытайдың алда келе жатқан мемлекет екені даусыз. Үндістан да ІТ-технология бойынша көш бастап тұрған мемлекет. Сондықтан осы салаларда өзара білім алмасуымыз керек", - деді сарапшы.

Оның пікірінше, мұның бәрі цифрлық теңсіздікті азайтуға септігін тигізеді.

"Осыған байланысты Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бекітілетін уағдаластықты пысықтағанда тікелей халықтың, әсіресе, шекаралық аймақтағы тұрғындардың тіршілігіне оң әсер ететіндей жолдарын қарастыруымыз шарт", - деді Олжас Бейсенбаев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!