"Қамажай үнді биі ме?" Қазақ өнеріне қатысты дау шықты

Үкілі қазақ аруын сипаттайтын "Қамажай" биінің қимыл икемдері Үндістан халқының классикалық биіне ұқсас" деген сөз тарады. Тіпті "қазақта би болмаған" деген де әңгімелер айтылады. Ықылым заманнан бері келе жатқан төл өнерді бүгінде үнді билеріне ұқсатып жүргендер бар. Қазақ биіне еңбек сіңірген қайраткер Шұғыла Сапарғалиқызы осыған байланысты пікірін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

"Қазақта би болмаған, "Қамажай үндіден шыққан", "Қара жорға қазақтың биі емес, моңғолдың биі" деген адамдардың бәрінің, шынымды айтсам, ауыздарына қақпақ қойғым келеді. Өйткені бұл өзіміздің ұлттық құндылығымыз", - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шұғыла Сапарғалиқызы.

Әуелде қос бұрым, шаш сипау, айнаға қарау сынды 3-4 қимылдан ғана құралған "Қамажай" биі бүгінде заманауи бағытта жаңарып, күрделі би элементтерімен толыққан.  

"Қамажай биін 3 деңгейге бөлуге болады. Ол - қыздың кішкентай кезі: айналып билегені; жасөспірім кезі: ортаңғы жас, бұл жақта қыздар айнаға қарап, өзіне тамсанып, шашын жинап, шашын өріп деген сияқты қимылдар бар. Қазіргі кезде ұялу қимылын басқаша қимылдармен қоса өзгертуге болады. Ал бұрын бір орында қимылдаған", - дейді хореограф Әсем Исмағұлова.

"Қамажай шегінен шықпай, қазақтың ұлттық биі ретінде сақталғаны дұрыс. Ал егер оны көркемдеп билеп жатса, нұр үстіне нұр", - дейді биші.

"Ал енді бүгінгі таңда оның айырмашылығы әрбір билеген бишінің би қоюына байланысты. Сосын сонау 60-жылы биленген Қамажайды алып келіп, дәл сол деңгейде, 60 жылдан кейін қайтта алып шықсақ, аздап басқаша болып көрінеді. Өйткені мына заманның дамуына, қарқынына байланысты оны өзгертіп, мәнерлеп, әсерлеп келе жатыр", - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шұғыла Сапарғалиқызы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз