Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды (тікелей эфир)

Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биыл ұйымға Қазақстан төрағалық етіп отыр. Маңызды жиынға Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Қатар, Түркия және Түрікменстанның мемлекет және үкімет басшылары, БАӘ-ден Рас әл-Хайма әмірлігінің әмірі, Үндістанның сыртқы істер министрі әрі ШЫҰ бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры қатысып жатыр.

Сонымен қатар, саммитке БҰҰ бас хатшысы және ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕЭК және АҚИҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары қатысып жатыр.

Сондай-ақ, биыл саммит алғаш рет ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы және "ШЫҰ+" кездесуі форматында өтеді.

Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Астана декларациясы, 20 шешім, мемлекет басшыларының 3 мәлімдемесі, оның ішінде "Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы", "ШЫҰ-ны жетілдіру туралы" бастамасы қабылданады.

Беларусьті ШЫҰ мүшелігіне қабылдау рәсімін аяқтау және ұйымға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы тарихи шешім қабылданады.

Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылды. Бүгінде ол көпсалалы және көпфункционалды ұйымға айналды.

Сондай-ақ, ШЫҰ аймағында әлем халқының жартысына жуығы тұрады және ұйымға мүше елдердің жиынтық ЖІӨ 24 триллион долларға жуықтайды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!