Алматыда Ұлттық домбыра күні қалай тойланады?

Қазақстанда шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні тойланады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

7 шілдеде қандай шара өтеді?

Осыған орай Алматыда 7 шілдеде сағат 20:00-де Республика сарайының алдындағы Абай алаңында "Аңыз Домбыра" концерті өтеді.

Концертте Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Секен Тұрысбек, Айгүл Қосанова, Асылбек Еңсепов, Шолпан Даржанова, Әбділхамит Райымбергенов, Нұркен Әшіров, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов, "Қоңыр" тобы, "Сазген" фольклорлық-этнографиялық ансамблі, "Салтанат" би ансамблі және т.б. өнер көрсетеді.

Танымал күйшілер Кенен Әзірбаев, Төлеген Момбеков, Әсет Бейсеуов, Мейрамбек Жанболатов және т.б. халық әндері мен шығармаларын орындайды.

Әкімдіктің баспасөз қызметі

Аудандарда қандай шаралар өтеді?

Бұған қоса қала тұрғындары мен қонақтары мерекеге орай ұйымдастырылған мәдени іс-шараларды тамашалай алады.

Әкімдіктің баспасөз қызметі

Сондай-ақ, қаланың барлық ауданында Ұлттық домбыра күніне арналған бірқатар мәдени іс-шара өтеді:

- Алатау ауданында 4 шілдеде сағат 15:00-де Alatau Creative Hub – Алматы кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлескен іс-шара өтеді. Мерекелік бағдарламада шығармашылық ұжымдар сөз сөйлейді. Іс-шараның басты мақсаты - этносаралық қатынастарды нығайту және қазақ мәдениетін насихаттау. Сонымен қатар, 5 шілдеде сағат 11:00-де Мультимедиялық дәстүрлі музыканың орталығында "Қазағымның жүрегінен жаралған, Бабамыздың үнісің сен – домбыра!" концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады.

- Әуезов ауданында 5 шілдеде сағат 11:00-де "Family" саябағында концерт өтіп, эстрада әртістері Құрманғазы, Дәулеткерей және Тәттімбет шығармаларын орындайды. Сонымен қатар, "Сарыарқа" скверінде сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін қолөнер жәрмеңкесі өтеді;

- Бостандық ауданында 5 шілдеде сағат 14:00-де Mega Alma-Ata СОО аумағында Ұлттық домбыра күнін тойлау құрметіне "Күмбірле қоңыр домбыра" мерекелік бағдарламасы өтеді;

- Медеу ауданында 4 шілдеде сағат 12:00-де Нұрғиса Тілендиев мемориалдық музейіне келушілер дәстүрлі жанр әртістерінің қатысуымен "Сиқырлы үні" концертін көре алады. Сондай-ақ, сағат 11: 00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Dombyra fest флешмобы өтеді.

- Наурызбай ауданында 5 шілдеде сағат 11:00-де Шұғыла, 347/4 мекенжайындағы Инновациялық шығармашылық орталығында мерекеге орай концерттік бағдарлама болады.

- Түрксіб ауданында 5 шілдеде сағат 17:00-де Сауранбаев көшесіндегі Арбатта домбыра күніне арналған "Алтын домбыра" домбырашылардың флэшмобы өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!