4 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген: Жамбыл облысында ауылдар ішімдіктен бас тартты

Жамбыл облысында 4 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауылдар бар. Ауыл тұрғындары ішімдіктен бас тартқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңаарық ауылдық округі ең үлгілі ауыл атағына үміткер. Мұнда соңғы 4 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ауылдық округке Ақтоғай және Ұзақбай Сыздықбаев ауылдары кіреді, онда 1700-ге жуық адам тұрады. Округтегі үш дүкенде алкоголь мен темекі сатылмайды. Жақында төртінші дүкен ашылады, бірақ ол кәсіпкер де ауыл тұрғындарының бастамасын бірден қолдады.

Мұндай шешімді тұрғындар жас ұрпақты азғырмау үшін ақылдаса отырып қабылдаған. Нәтиже бірден байқала бастады. Бұл бастама қылмыс пен құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ, отбасылық жанжалдардың алдын алады.

"Тұрғындар өте тату әрі белсенді. Маған барлық жағдайда көмектесуге тырысады. Мен олардың сенімін ақтап, өз уақытым мен күш-жігерімді азаматтардың тыныштығы үшін аямай жұмсаймын. Бұл менің міндетім деп білемін. Тіпті кішігірім тұрмыстық дауларды медиация арқылы шешуге тырысамыз. Ауылдардағы жағдай тыныш болса да, мен үлкен жауапкершілікті сезінемін. Өйткені бірнеше жыл бойы бірлескен күш салумен қол жеткізген көрсеткішті сақтау мен үшін өте маңызды", – дейді полицейлер.

Бес ауданда 12 ауылдық округ алкогольден бас тартқан. Нәтиже барлық жерде бірдей: олар ең қауіпсіз ауылдар деп танылды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз