"Құранда бұл туралы ештеңе жазылмаған". Шариғат бойынша үш рет кездесіп, үйлену дұрыс па?

Бүгінде қоғамда "үш рет кездесіп, үйлену" деген үдеріс танымал. Шариғат бойынша деп осы жолмен үйленіп жатқандар қаншама, оның арасында тіпті Нұржан Керменбаев, Мөлдір Әуелбекова секілді өнер иелері де бар. Алайда Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі, ұстаз Елдос Жұмаділдә шариғатта "үш рет кездесіп, үйлену керек" деген үкім жоғын айтады. Ол керісінше, отау құрмас бұрын екі адам бір-бірін танып, өмірлік құндылықтарын білуі маңызды екенін алға тартты. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі бұл түсініктің қайдан шыққанын және қаншалық шариғатқа сай екенін анықтап көрді.

Ұстаз Елдос Жұмаділдә "үш рет кездесіп, үйленуге" қатысты пікірін "Арал мешіті" Youtube-арнасының "Қоғам дерттері" жобасына берген сұхбатында білдірді. Ол мұндай дүниенің кімнің қайдан шығарып алғанын білмейтінін жасырмады.

"Біздің жастарда "үш рет кездескеннен кейін үйлену керек" қате бір түсінік бар. "Үш рет кездесіп, үйлену" деген сөзге жарнама жасалынып жүр. Мен жалпы адамдардың үш рет кездесуі деген дүниені қайдан тапқанын білмеймін. Шариғатты қанша оқыдық, өзге де оқыған адамдардың қаншамасынан сұрап шықтық, ешқандай кітапта "үш рет қана кездесіңдер де, алыңдар" деген нәрсе жоқ, жазылмаған.

Осы орайда бұл тақырыпты көтеруімнің себебін түсіндірейін, көп қыз осы үш реттен артық кездесуге болмайды деп естіп, оған сенгендіктен, өзін мәжбүрлеп тұрмысқа шығып жатыр екен. Кейіннен осы үшін өкініп, "дұрыс таңдауым керек еді, қарауым керек еді, біліп алуым керек еді" деп жүреді. Ерлі-зайыптының ажырасып кетпеуіне әсер ететін фактордың бірі - екі адам бір-бірін танып, бір-бірі туралы жан-жақтан сұрастыруы. Шариғат бізге не дейді? "Адам туралы өзіңе керек барлық мәлімет жиналғанша, кездес" дейді. Керек ақпаратты 3 не 5 кездесуде біле алмасаңыз, онымен тағы жүздесіп, сұраңыз. Әлбетте, шарттарды сақтану керек. Шегі жоқ дегенім, 100 рет кездесу емес. Әркімнің ойында "менің болашақ жұбайым осындай болуы керек деген шарттары" бар. Міне, осы ең маңызды факторларын біліп алу керек", - дейді ұстаз Елдос Жұмаділдә.

Дінтанушы не дейді?

Massaget.kz тілшісі қоғамда белең алған түсініктің қаншалық шындыққа жанасатынын анықтау үшін алдымен дінтанушымен тілдесті. Дінтанушы, мәдениеттанушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы Елнар Берікбаев бұл туралы құран кітапта ақпарат жазылмағанын жасырмады. 

"Бұл енді дінтану емес, теологиялық мәселе. Бұл мәселе бойынша бірыңғай ұстаным жоқ деп ойлаймын, жергілікті менталитетті де ескеру қажет. Маған құран кітап бойынша жауап беруге болатын еді, бірақ құранда бұл туралы ештеңе жазылмаған. Сенімді хадистерде мен "үш рет кездесу" туралы да таппадым", - дейді дінтанушы. 

Елнар Берікбаев дін жолында жүрген ер адамға тұрмысқа шықпақ қыздарға кеңес берді. 

"Мен мұсылман жігітке тұрмысқа шығуды жоспарлап отырған қыздарға кеңес бергім келеді. Ер адамның сенімі туралы көбірек біліп алыңыз (отбасылық мерекелерге, дәстүрлерге, басқа конфессиялардың адамдарына деген көзқарас). Некені АХАЖ-да міндетті түрде тіркеуді талап етіңіз, ешбір жағдайда некенің діни рәсімімен шектелмеңіз. Осылайша, ажырасқан жағдайда сіздің құқығыңыз қорғалады, бірге сатып алынған мүлік пен алимент алуға құқығыңыз болады", - деп қорытындылады дінтанушы.

ҚМДБ не дейді?

Massaget.kz тілшісі дінтанушыдан бөлек, ҚМДБ өкілдерінен де пікір алуға тырысты. Олар бұл мәселеге қатысты нақты жауап бермегенімен, үйленер алдында сақталуы керек шарттардың тізімін ұсынды.

Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің ұстазы Шәмшат Әділбаева үйлену үшін алдымен шынайы ниет етіп, ықыласты дұға жасауы керегін айтты.

"Мұсылман кісі намаздарының соңында немесе күнделікті дұғаларында алладан екі дүниеде де қайырлы болатын, бірге қол ұстасып бақытты өмір кешетін, мінез-құлқы жақсы жар тілеуі қажет", - дейді ол.

2. Болашақ жарды көру;

"Екі жас некеден бұрын міндетті түрде бір-бірін көріп, бір-бірі туралы мәліметтерді жинауы керек. Бұл шаңырақтың беріктігі үшін маңызды. Сондай-ақ, жігіттің қалыңдықты, қалыңдықтың жігітті көруі керегі хадистерде де айтылған. Бірақ үйленетін екі жастың бір-бірін көруі үшін қастарында қыз жағынан немесе жігіт жағынан бір туыс әйел адам болуы шарт. Себебі, дініміз бойынша некесі қиылмаған қыз бен жігіттің оңаша қалуы харам.

Кейбіреулер үйленбей тұрып екі жастың бірге жүріп-тұрғаны, бірге қыдырғаны таныстық үшін пайдалы дейді. Бірақ үйленбей тұрып бір-біріне кемшіліктерін көрсете бермейтін қыз бен жігіт үшін бұның пайдасы шамалы. Қайта мұндай кездесулер екі жасты күнәға жетелеп, әртүрлі өкінішті жағдайларға ұрындыруы мүмкін. Мұндай қателіктердің алдын алу үшін екі жастың оңаша кездесуіне дінімізде тыйым салынған. Оның орнына жігіттің қызбен таныспай тұрып, сыртынан, қызға білдірмей көруі дұрыс деп саналады. Егер ұнаса ғана қызбен танысқаны дұрыс", - дейді ол.

3. Үйленетін жастардың бір-бірімен сөйлесуі;

Қалыңдық пен жігіттің бір-бірін көруі ғана жеткіліксіз. Олар бір-бірін тануы үшін сөйлесуі де қажет. Сөйлесу барысында екі жас бір-бірінің сұрақтарына еш нәрсені жасырмай бүкпесіз жауап беруі тиіс. Әрі өздерінің талап-тілектерін де білдіргені дұрыс. Сонда ғана олар болашақ жары жайлы дұрыс мәліметтерге ие бола алады.

"Сөйлесу барысында екі жақ өздерінің шарттарын ашық баяндауы қажет. "Алдымен үйленіп алайық, сосын шарттарды сөйлесе жатармыз. Шарттарымды қазір айтсам оны үркітіп алармын" деген жоспар құрылатын болса, шаңыраққа опасыздық болып саналады. Сондықтан, істің басында екі жастың ешқандай ойын ішіне бүгіп қалмай, ағынан жарылғаны абзал. Бірақ сөйлесу кезінде де екі жастың жалғыз қалуына болмайды.

Танысу барысындағы әңгіме үстінде жігіт қызды, қыз жігітті тыңдауына, таңдауына мүмкіндік мол. Сондықтан, істің басында-ақ ойларын ортаға салып, бір-біріне пікірлерін білдіргені, осылайша өздерінің қандай арман-тілегі барын анықтағаны дұрыс. Егер екеуі осы сөйлесу барысында бір мәмілеге келсе, екі жақтың да жүрегі тыныш, ертеңгі күн бейбіт болады. Ал, қарсы жақ белгілі бір жағдайды қабылдай алмаймын десе, ондай ыдыс-аяғының сылдыры көп отбасын құруды тоқтатқан жөн. Себебі, кейіннен жанды қажытатын, түйіні шешілмейтін шулы шаңырақ болудан гөрі береке мен бірлік іздеп, өзімен үйлесе алатын жар іздеу артық емес пе? Дүниеде адамның бір рет жолы болмағанымен басқа кезде жолы болатынын ұмытпау керек", - дейді ұстаз.

4. Қалыңдық немесе күйеу жігіт жайлы таныстарынан сұрастыру;

Қалыңдық немесе күйеу жігіт жайлы таныс кісілерден сұрап, білу де құрылатын шаңырақтың беріктігі үшін маңызды қадам. Үйленетін жастар бір-бірінің тегін, отбасын, алған тәрбиесін, мінез-құлқын оны жақын танитын кісілерден сұрастырып, жұртпен ақылдасқаны дұрыс. Бірақ, кеңескен адам дұрыс сөзді, жақсы мен жаманды айыра білетін кісі болғаны жөн.

"Осы қағида қыз үшін де маңызды. Ол да күйеу жігіт жайлы оны танитындардан сұрастырғаны дұрыс. Бұрынғы кезде мұсылман елдерінде қыздың әкесі немесе ағасы жігіт тұратын жердегі мешіттің имамынан жігітті қаншалықты танитынын, мешітке қаншалықты келетінін сұрастырған екен. Сөйтіп, бірінші орында жігіттің имандылығын білуге тырысқан. Өкінішке қарай, біздің қоғамымызда жігіттің имандылығынан бұрын материалдық жағдайы сұрастырылады. 

Сондай-ақ, қыз бен жігіт бір-бірінің кімдермен араласатынын, нені қалап, нені ұнатпайтынын білуі қажет. Бұл мәлімет те адамға үйленетін кісісінің кім екенін тани түсуіне көмектеседі", - дейді ол.

5. Истихара намазы;  

Жоғарыдағы амалдардан кейін кісі өз таңдауының дұрыс-бұрыстығын білу үшін истихара намазын оқығаны абзал. Ис­ти­ха­ра на­ма­зы – істің қай жақсысын рухани ишарат арқылы білуге сеп болатын екі рә­каттық нәпіл на­маз. Ал­ғаш­қы рә­кат­та "Ка­фи­рун", екін­ші рә­кат­та "Ықы­лас" сү­ре­сін оқу – мұс­та­хап. На­маз­дан кейін "ис­ти­ха­ра" дұ­ға­сы оқы­ла­ды. Дұ­ға­ны оқы­ған­нан кейін адам жү­ре­гі­нің қай жақын тартқанын таңдайды.

Тағы да оқи отырыңыздар: Шілде айында туған балаға қандай ат қоюға болады?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз