"Неткен бейшаралық". Елена Әбдіхалықова қамауға алынған Тұрсынбек Қабатовты қолдады

Танымал сазгер, композитор, журналист Елена Әбдіхалықова әлеуметтік желідегі парақшасында ұшақ бортында мас күйінде әдепсіз сөздер айтқаны үшін қамауға алынған әзілкеш Тұрсынбек Қабатовты қолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сазгер ең алдымен әзілкешке қатысты жаңалықты жарыса жазған басылымдар мен оны өсекке айналдырған қоғамды сөкті.

"Әлем желіні ашып қалсаң, "әзілкеш Тұрсынбек Қабатов қамауға алынды" деп, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, ұры иттің артындай шуылдасқан сайттар мен оған "жаны кірген" халықты көріп, ойға қалдым. Құдды бір мемлекетіміздің қас дұшпанын қолға түсіргендей, ең парақор, ең жемқор, халықты 30 жыл сорлатқан сойқандарды қолына кісен салып, қамағандай шат-шадыман.

Ау, ағайын осы Тұрсынбектің өнеріне неше жылдан бері мәз-мейрам болып, оның концерттеріне билет іздеп шабылып жүрген жоқ па едіңіздер?!... Тұрсынбекті осынша табалайтындай кімнің несібесін жеп еді? Өз өнерімен, адал еңбегімен елдің ықыласына бөленіп жүрген халықтың бір өнерпаз ұлы емес пе? Тіпті, тойларыңыз болса, осы Тұрсынбек пен оның жігіттері келсе екен деп тілеймейтін бе едіңіздер?

Елге белгілі өнер адамы сәл сүрінсе, жерге тығып, жүндей жөнелу қызғаныштың көрінісі емес пе? Сонда біз алға шыққанды көре алмайтын, біреудің бағына басы ауыратын осыншалық төмен халық болғанымыз ба? Неткен бейшаралық..." - деп жазды ол.

Ол еліміздегі әуе компаниялары қызметінің сапасы төмен екенін алға тартып, жұртты Тұрсынбек Қабатовты қолдауға шақырды.

"Өзіміз де жиі сапарлаймыз. Елдегі әуекомпанияларының сапасы сын көтермейді. Оны халық айтып та, жазып та жүр. Қымбат билет бағасынан бастап, қызмет көрсету сапасын реттеуге биліктің күші жетер емес.
Әсіресе, қазақ тіліне келгенде тілі бұралатын бортсеріктердің сиқын көргенде, қаның қайнайды. Кіжінесің! Тәртіп жоқтығына налисың! Ал оған сын айтсаң, қолынды қайырып, қаматып жіберіп қарап отырады.

Осы жағдай Тұрсынбектің де басынан өтсе керек. Әйтпесе, мен білетін Тұрсынбек көргенсіздіктен ада, тәрбиелі, талантты жігіт. Өнер ортасында жүріп, "Тұрсынбек Қабатов біреудің ақысын жепті, артық кетіпті, кісіге қиянат қылыпты" дегенді естіген емеспін.

Қадірлі ағайын! Өз баламызды өзіміз өлтіріспей, қайта араша түсейік! Ең болмаса, тасада отырып тас атпай, тілекші болайық! Талантты тірісінде бағалайық! Кісіні босқа қаралау, сүрінсе табалау меніңше өте ауыр күнә. Өйткені, күндердің күнінде соның орнында өзің болмасына кім кепіл?

Тұрсынбекке амандық тілеймін!" - деп жазған ол.

Тағы да оқи отырыңыздар: Адамды қарақұрт шағып алса не болады?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!