Үкімет бөлген 12 миллиард теңге қайда жұмсалады?

Үкімет су тасқынынан кейін бизнестің мүлік шығындарын өтеуге 12 миллиард теңге бөлді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлікке қатысты шығындарын өтеу үшін өз резервінен 12 миллиард теңгеден аса қаржы бөлу туралы қаулы қабылдады. Өңірлік комиссиялар кәсіпкерлердің өтінімдерін қабылдап жатыр.

"Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы басталды. Қазіргі таңда өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге 178 өтінімін қарап, мақұлдады", - деп жазылған хабарламада.

Әкімдіктердің алдын ала бағалауы бойынша 746 шағын-орта бизнес субъектісі зардап шекті. Олардың қатарында азық-түлік дүкендері, кафелер, ТҚКО, қонақүйлер және басқалары бар. Бүгінде бағалау және сметалық жұмыстар жүргізіліп жатыр, олардың қорытындысы бойынша өтінімдер өңірлік комиссиялардың қарауына енгізіледі.

Осылайша, Үкімет резервінен 12 миллиард теңгеден аса  қаражат шағын-орта бизнестің мүлік шығындарын өтеу үшін Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне аударылады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!