Мыңдаған жанды аман алып қалған: 85 жастағы дәрігер әлі күнге күрделі операциялар жасайды

Тараздық дәрігер 85 жасқа келсе де әлі күнге дейін жүрекке ота жасап, күрделі операцияларға қатысып келеді. Сейітхан Жошыбаев - елімізге танымал кардиохирург. Осы жасына дейін ол 3 мыңға жуық адамды өлімнен арашалап қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Кардиохирург Сейтхан Жошыбаев еңбек жолын 63 жыл бұрын Қырғызстанда бастапты. Сол елде білім алып, алғашында 5 жыл хирург болып жұмыс істеген ол кейін Мәскеуге 3 жылдық аспирантураға оқуға түседі. Содан бері тек жүрек дертін емдеп, бүгінге дейін 3 мыңнан аса сәтті операция жасаған.

"Ақ халатты киіп дәрігер боламын, осы елге жәрдем беремін дегеннен кейін ол - менің міндетім. Оған біреуге осындай жасадым деп айтуға болмайды. Осы білгенімді, осы жетістігімді басқа елге қалдырсам екен, артымда із қалса екен", - дейді Сейітхан Жошыбаев.

Атақты академик Әулие ата өңірінде дүниеге келген. Туған жерге қызмет етуге 2007 жылы оралыпты. Ол кезде жүрекке ота жасайтын дәрігер оңтүстік өңірде болмаған. Сөйтіп аймақтан алғашқы кардиохирургия орталығын ашты. Жүзге жуық шәкірт тәрбиеледі.

"Жұмысқа келген күннен бастап, біздің кардиохирургия саласындағы маман болып қалыптасуымызға тікелей септігін тигізген", - дейді кардиохирург Зафар Розбаев.

85 жасқа келген дәрігер әлі күнге дейін күрделі операцияларға қатысып, өз қолымен ота жасайды. Өзі ашқан орталықта жылына 250 операция жасалып, мыңға жуық адам ем алады. Науқастардың ең егдесі 90 жастағы қария болса, 1 жас, тіпті 2-3 күндік шақалақ сәбидің де жүрегінде ақау болады екен. Дертіне дауа-еміне шипа тапқан жандар Сейітхан ақсақалған алғыстан басқа айтары жоқ.

Қарт хирургтың мақсаты - бар білгенін бөлісіп, дәрігерлер дайындайтын халықаралық академия ашу.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!