"Өз отауын тікті". Ақбота Керімбекова ұлының жақсы жаңалығын айтты

Танымал әнші Ақбота Керімбекова әлеуметттік желідегі парақшасында ұлының өнер жолына қадам басқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесінің ұлы тіпті отандық телеарнаның музыкалық жобасына қатысып, финалист атанған.

"Баласы бәйгеде шапса, анасы үйде отырып тақымын қысатын халықпыз ғой. Ұлым Біржан "Хабар" арнасы ұйымдастырған "Бес жұлдыз" музыкалық жобасына қатысып, финалист атанған. Ұйымдастырушылардың ұсынысымен өзім де бір дарын баптап апарғасын жоба деңгейін көзіммен көріп, сүйсінгем. Кәдімгідей дарабоздар додасы болды. Ауызымен құс тістеген мықты музыканттардан, өңірлердің бар ғұмырын мәдениет саласына арнаған үздіктерінен құралған сарапшылар алқасы әр қатысушыға ғана емес, оны баптап әкелген жетекшіге де жүзің бар, бетің бар демей, орынды сындарды ашық жеткізіп, әр номердің әрбір егжей-тегжейіне мән беріп отырды. Әрине, мұның бәрін орайластырып, қиуын келістірген біздің жігіттер, эстраданың жүгін жастай арқалап жүрген талантты әнші замандастарымыз Мейрамбек Бесбаев пен Сәкен Майғазиев азаматтарға ризамыз! Мына бейне осы бір әдемі сәттердің әдемі естеліктері, дарындар тартысының тартымды көрінісі болып парақшамда тұрсын деп шештім.

Ал, ағайын, Біржан ұлдарыңыз да ән өнерінің шет-жағасына өз отауын тікті, көз қырларыңызды сала жүріңіздер", - деп жазды ол.

Тағы да оқи отырыңыздар: Шығыс Қазақстанда қандай туристік жерлер бар?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз