"Улы шөптер, аурулар". Сарапшы елімізде болған су тасқыны қандай салдарларға әкелуі мүмкін екенін айтты

Қоғам белсендісі, ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Алмасбек Садырбаев  "Bilgen durys" youtube-арнасына берген сұхбатында биыл елімізде болған су тасқынының қандай салдарлары болуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ сарапшы биыл өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керегін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қоғам белсендісі елімізде болған су тасқыны қандай салдарларға әкелуі мүмкін екенін айтты.

"Топан судан кейін небір улы шөптер, аурулар шыға бастайды. Жоғары жақтан Орал бойынша бүкіл Ресейдің қоқыстары, полигондары, небір зияндарының бәрі ағып, Орал, атырау жзаққа кірді. Бұл экологиялық та, эпизодиялық та қиын жағдай. Бұның біз әлі кесірін көреміз. Біз оған дайындалуымыз керек. Біздің қызметтер оған дайын болуы керек.

Одан кейін су алқаптармен де өтті. Алқаптарды шаруалар тазартып, улап қойды. Қазір сол алқаптарға арамшөптердің тұқымдары кірді. Олар әлі неше жыл бойы шығады. Мысалы, соған химиялық тазалау жүргізілетін қосымша қаражат бөлінді ме? Бөлінген жоқ. Негізі ол министрліктің саясатына кіру керек. Эпизодиялық, ветеринария бойынша жұмысты күшейту керек. Ол үшін ветеринарияның реформасын жасау керек. Қазіргі ветеринария бүгінгі заманның талабына сай емес. Лабараторияларды жеке меншікке беру керек. Өйткені лабораториялар да сынамаларды жасай алмайды. Бұл үлкен жұмыс", - дейді ол.

Сондай-ақ сарапшы биыл өрт қауіпсіздігіне аса мән беру керегін ескертті.

"Келесі мәселе - өрт қауіпсіздігі. Күн қатты ысып бара жатыр. Бізге Қазгидромет екі ай бұрын алдымызда қатты ыстық келе жатыр деп ескерту жасады. Өкімет басындағыларға айтарым, өртке қарсы дайындық керек. Өйткені биылғы жылғы биомасса, шөп, орман барлығы өте жақсы болып тұр. Енді күн қатты ысыса, өрт қауіпсіздігі бірінші орынға шығып тұр" - деді Алмасбек Садырбаев.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!