Ақтөбе облысында көп қабатты үйлер күрделі жөндеуден өтеді

Ақтөбе облысында биыл тозығы жеткен көп қабатты 15 үй күрделі  жөндеуден өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл жоспар бойынша 15 үй және екі жеделсаты күрделі жөндеуден өтеді. Бұл үшін республикалық бюджеттен 1,1 миллиард теңге қарастырылмақ. Қазіргі күні өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арқылы құжат рәсімдеу жұмыстары жргізіліп жатыр. Жоспар бойынша шілде айында қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталмақ.

"Ақтөбе қаласында 10 үй және Алғада бір үй мен екі жедел саты және  Хромтауда төрт үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Яғни үйлердің шатыры, қасбеті мен кіреберісі және жертөлелері толық жаңарады. Бұл жұмыстардың бірыңғай операторы - "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы. Яғни қаржы түскеннен кейінгі шаруалар корпорацияға жүктеледі", - деді басқарманың бас маманы Жұпар Мырзамұратқызы.

Сондай-ақ биыл басқарма тарапынан 35 көп қабатты үй мен 87 жеделсатыны  күрделі және орташа жөндеуден өткізу үшін құжат әзірленіп, жалпы сомасы 4,9 миллиард теңге болатын  жобаны тиісті министрлікке ұсынып қойған. Егер бұл жобалар қолдау тапса, 25 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан лифтілер жаңарып, төтенше жағдайдың алдын алары сөзсіз.

Жалпы облыста күрделі жөндеуді қажет ететін 231 үй бар. Былтыр 8 үй мен екі жеделсаты жөндеуден өткен.

Кәмшат Қопаева

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз