"Сандық" мейрамханасы мемлекеттің ақшасына салынды ма? Депутат Руслан Берденов жауап берді

Мәжіліс депутаты Руслан Берденов "Abay Live" бағдарламасында "Сандық" мейрамханасы кімнің қаражатына салынғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін халық арасында "Руслан Берденов Спорт министрлігінің ақшасына мейрамхана ашып алыпты. Қазір мемлекеттік қызметкерлер сол жерде қонақ күтеді, кәсіпті бірге айналдырып жатыр" деген әңгімелер тарады. Мәжіліс депутаты бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Бұл өтірік. Ешкімнің қолдауымен ашқан жоқпын. Шынымды айтсам, мен әлі депутат емес кезде Астанадан бұрыннан бір жер іздегенмін. Өзіміздің салт-дәстүрге сай, үлкен деңгейдегі мейрамханамыз болсыншы деп ойлап жүрдік. Алайда оған лайықты орын таба алмадық. Бір күні "Sensata" деген компанияның басшысы қоңырау шалды. Ол "Жақсы жерден жоба салып жатырмыз, мен өзіме бір ғимарат алдым. Сол ғимаратқа мейрамхана ашсақ деп ойлап жатырмын. Бірақ ойлана келе, сендердің концепцияларың маған ұнады. Қазақтың иісі шығып тұрған жоба екен, оны өзімнің объектімде көрінгім келеді" деді. Екеуміз тек таныспыз, ешқандай басқа қатысымыз жоқ. Бұрын бірге Головкиннің ойынына бардық, басқа да жерлерде кездесіп қалып, сөйлестік, бірақ жұмыспен ешқандай қытысымыз жоқ. Содан оны біз жалға ала алмаймыз, ол бізге тиімсіз. Алайда ол "Сен осыны сатып ал, бағасын арзанға берейін, уақытын шегерейін" деді. Мен өз ыңғайымды айттым, ол да өз бағасын айтты. Солайша бір бағаға келістік. Министрлікте мұндай бюджет болса, Спорт және туризм министрлігі басқа елдерде осындай жобалар ашып жатса, қане, мұндай бюджет жоқ қой.

Мұны қаралау деп білемін. Тура сол кезде лудоманияға қатысты заң шығып жатты. Соған ақпараттық шабуыл болды деп ойламын. "Сандықта" мемлекеттің бірде-бір тиыны жоқ. Оған мемлекеттің ешқандай қатысы жоқ", - деп жауап берді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!