"Халық сапасыз дәрі ішіп, өліп жатыр"- Мәжіліс депутаты

Мәжіліс депутаты Руслан Берденов "Abay Live" бағдарламасында өзінің бизнесіне қатысты мәселелерді көтергісі келмейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат өзінің саласына қатысты сұрақтарға араласпауға тырысатынын айтты.

"Мен ертең Руслан Берденов келіп, өзінің мәселесін шешу үшін осы жерде жүр" деп айтқанын қаламаймын. Сол үшін ол мәселелерге араласпауға тырысамын", - деді ол.

Десе де, ол "дәріханаларда GPP стандарты болмауы керек" деген ойға қарсы екенін айтты.

"Мысалы, дәріханаларда GPP стандарты болмауы керек деген лоббистер бар. Олар мұндай стандарттар кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіреді дейді. Алайда халқымды ойлайтын болсам, GPP стандарты керек. Себебі бұл дәрі-дәрмек болғаннан кейін стандарттары болуы керек. Себебі жылына дұрыс емес дәрі ішіп, өліп жатқан біраз адам бар. Мысалы, өткен жылы бәріміз білетін "терафлю"-ді ішкен бір бала қайтыс болды. Терафлю - швейцариялық үлкен компанияның дәрісі. Олар бұл біздің қаптама емес деді. Оны зерттесе, ол Ташкенттен келген дәрі болып шықты. Енді GPP стандарты бар дәріхана оны қабылдай алмайды және сата алмайды. Сондай өзінің стандарттары бар. Бұл сапа стандарты десек болады. Дәрі болғаннан кейін сақталуы, тасымалдануы бәрі орындалуы тиіс.

Енді халқымды ойласам, GPP стандарты керек, ал өзімді ойласам, ол керек емес. Себебі маған компания ашу оңай, стандарты жоқ нәрселер істей беремін, маған оңай. Яғни, депутат ретінде ойым, бұл стандарт керек, ал бизнесмен ретіндегі ойым - ол керек емес. Соның өзінде маған бұл лоббист деп шықты. Мен тек өз ойымды айттым. Сол үшін өзімнің кәсібіме қатысты сұрақтарға араласқым келмейді", - дейді депутат.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!