Алматыда полицейлер ер адамды соңғы сәтте құтқарып қалды

Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері ер адамды ажалдан құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

102 пультіне Рысқұлов даңғылы бойындағы хостелдердің бірінде, 4-қабаттың терезесінде ер адам өз-өзіне қол жұмсамақ болып отырғаны туралы хабарлама түскен.

"Оқиға орнына "Буран-175" және "Буран-170" патрульдік экипажы жедел жетті. Қызметкерлер мән-жайды зерделеп, терезедегі ер адаммен әңгіме-дүкен құрып, оның көңілін басқа жаққа аудара бастады. Осы уақытта инспекторлардың бірі қолайлы сәтті күтіп, ер адамды мойнынан ұстап, бірлесе отырып бөлмеге кіргізді. Күдіктінің мас болғаны белгілі болды. Ол отбасылық мәселелеріне байланысты шарасыз әрекетке баруды ұйғарғанын айтты", - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Дәрігерлер зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін мән-жайдың анық-қанығына жету үшін ол Жетісу аудандық полиция басқармасына жеткізілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз